Жамбыл облысында «Қаралма» спорттық-туристік кешенінің құрылысы тоқтап қалды

Қазір мейрамхана, коттедждер мен сервистік орталықтар қаңырап бос тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетелден жеткізілген темір қондырғыларды тот басып, ғимараттар шетінен тоза бастаған. Ал құрылысқа жауапты инвестор жобаны аяқтауға мемлекеттен жәрдем сұрап отыр.

Жуалы ауданындағы спорттық-туристік кешеннің құрылысы бастапқыда тәп-тәуір басталған. Батыс Еуропа - Батыс Қытай автодәлізінен 7 шақырым жол тартылып, өзге де қажетті инфраструктура жүргізілді. Аспалы жолдың бағаналары орнатылып, қар күреп жол салатын арнайы техникаға дейін алынған. Бірақ соңында инвестордың ақшасы таусылып құрылыс жұмыстары тоқтап қалды.

Төленді Күзеубеков, Қаралма спорттық-туристік кешенінің жоба жетекшісі:

- Бастапқы келіссөздерде біз бұған қаражат құямыз. Жеке қаражатымызды. Кейін СПК бізден сатып алады деген келісім болған. Бірақ келісім ауызша болған. Кейін сатып алмайтын болған соң өзіміз бітірейік деп ойлағанбыз.

Компания жобаға 3,5 миллиард теңге инвестиция салған. Қазір кешен құрылысы 90%-ке бітіп тұр. Толық аяқтауға пандемия кедергі болған көрінеді. Құрылыс тоқтаған соң коттедж иелері де тастап кеткен. Енді Австриядан әкелінген темір қондырғылар тот басып, ғимараттар шетінен тоза бастапты.

Істі аяғына дейін жеткізу үшін әлі 900 миллион теңгедей ақша керек көрінеді. Жоба жетекшісінің айтуынша, жәрдем сұрап талай мекемеге барған. Бірақ еш нәтиже шықпапты.

Төленді Күзеубеков, Қаралма спорттық-туристік кешенінің жоба жетекшісі:

- Өзіміздің қаражатымызға қоса алмаймыз. Биыл да мүмкін келесі жылы да қоса алмауымыз мүмкін. Біз оны әкімшілікке де, атамекенге де айттық. Әлі нақты жауап болған жоқ. Тиімдісі СПК арқылы бөлінсе, ары қарай біз СПК-мен жұмыс істеп ақшаны СПК-ға қайтаруға дайынбыз.

Аймақта туризмді дамытып, әлеуетін арттыруға бағытталған жобаның келешегі бұлыңғыр. Бұлай жалғаса берсе жоба жуырда бітпейтін түрі бар. Мән-жайды білу үшін облыстық туризм және кәсіпкерлік басқармаларына хабарластық. Қос мекеменің басшылары да бұған қатысты жауап беруден бас тартты. Алайда әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Жанель Ілиясова, «Тараз» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Ондай қаражатты табу үшін біз атсалыстық. Хат жаздық. Енді тек күтіп жатырмыз сол ақшаны. Қаражатты мәслихат өткен кезде қаржы кәсіпкерлерге жобаларға бөлінген кезде осы сұрақты қайта көтеріп, «Қаралма» жобасы бойынша іске асуы бойынша атсалысуға біз көмектесеміз.

Тұралап тұрған жоба құрылысы жанданса, өңірде әлемде теңдесі жоқ сырғанау жолағы іске қосылмақ. Оның ұзындығы 2 шақырымнан асады. Әкімдік пен инвестор ортақ келісімге келмесе, жамбылдықтар «Қаралманың» қызығын биыл да, келесі жылы да көрмейтін түрі бар.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә