Ақтауда қоқыс жәшіктері апталап тазаланбайды

Үй алдындағы қоқыс жәшіктерінің апталап тазаланбауы ақтаулықтарды қынжылтып отыр. Бұл мәселе Каспий жағасындағы қаланың барлық шағын ауданында кездеседі. Тау төбесіндей болып жиналған тұрмыстық қалдықтар қоқыс таситын көліктің қорабына сыймайды. Артылғаны мал-құстың жеміне айналып, көше жиегінде шашылып жатады. Қала билігі енді әр үйге емес, ықшам ауданда бірнеше жерден қоқыс жинайтын орын ашуды жоспарлап отыр. Сәйкесінше тариф те көтерілуі мүмкін.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Қазір қаладағы әр үйдің жанында 2 дүкеннен бар. Күнделікті түрде бос қағаз қораптар мен бұзылған тағамдар осында тасталады. Бұған тұрғындардың күн сайын лақтыратын тұрмыстық қалдықтарды қосыңыз. Нәтижесінде қоқыс жәшіктері тазаланған күні-ақ аузы-мұрнынан шығып толып қалады. Уақытында алынбағасын қараусыз жүрген ит, түйе мен жылқы айналаға шашып кетеді. Тасталған темекі тұқылынан бұл жәшіктер жиі өртенеді.

Қаланың төменгі бөлігіндегі үйлер әсіресе жазда жасыл желекке көмкеріліп тұрады. Өйткені тұрғындар өз күшімен тал көшеттері мен гүл егуді әдетке айналдырған. Әкімдіктің уәделі мерзімін күтпей, балалар ойын алаңдарын жөндеп алып та жүр. Өскіндерді де өздері суарады. Тек қоқыс мәселесін біржола шешуге шамасы жетпей қойды.

Ксения Салимова, қала тұрғыны:

- Қоқыс таситын машина келеді де жәшіктерді қорабына сыйғанша төгеді. Ал жанындағы жатқан қалдықтарды жинамайды. Серіктестікке хабарлассақ, біз тек жәшіктердің таза болуына ғана жауаптымыз деп тұтқаны қоя салады. Сонда өзіміз тазалауымыз керек пе? Дүкен иесі заңды тұлға ретінде тіркеледі. Онда неге қосымша жәшіктер қойылмайды?!

- Вот это список должников. Здесь более 50 тысяч абонентов, которые должны общую сумму более 100 млн тенге.

Мәселенің екінші жағы да бар. Коммуналдық мекемеге қарызы шаш-етектен тұрғындар қоқыс жәшіктерінің тазаланбауына бас ауыртпайды.

«Егер берешек қайтарылса арнайы автокөлік паркін жаңартып, қосымша жұмыс орындары ашылады. Ең бастысы, тариф көтерілсе қызметкерлер жалақысын көтеруге де дайынбыз», - дейді кәсіпорын басшысы. 

Әділет Пірімқұлов, коммуналдық кәсіпорын директоры:

- Компания құрылған 5 жылдың ішінде қала халқының қарызы 100 млн теңгеден асып кетті. Қазіргі тариф адам басына 250 теңге. Бұл кем-кетігімізді түзетуге жеткіліксіз. Біз қоқыстарды полигонды жеткізіп береміз әрі сол жерде сақтауға ақы төлейміз. Экологиялық Кодекс талаптарына сәйкес, тапсыру алдында тұрмыстық қалдықтарды іріктеп беруге тиіспіз. Оған қосымша шығындаламыз. Дизель отын бағасы да шарықтап барады. Көліктерге қосалқы бөлшектер елімізде жоқ, сырттан алдыртамыз.

Айта кетейік, қоқысты тазалауға Шымкент халқы 390, Алматыда 560 теңге, Нұрсұлтан тұрғындары 600 теңге төлейді. Ал Ақтауда қордаланған мәселелер қазіргі тариф адам басына шаққанда 502 теңгеге көтерілсе шешілуі тиіс деп айтылды. Бұл пікірмен халық қалаулылары келіспей отыр.  

Анар Шамшадинова, қалалық мәслихат депутаты:

- Коммуналдық төлемдерді көтеру халықтың қалтасына түседі. Қарапайым халықтың жалақысы өсіп жатқан жоқ. Бізде тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу жоқтың қасы. Әкімдік қызметкерлерінің сөзінше, инвесторлар табылып бүгінде қажетті құжаттары дайындалып отыр. Ал әзірге қанша коммуналдық шығындардың төлемақысы көтеріліп жатыр. Бірақ оның қызметінің жақсарғанын мен байқамадым.

Жергілікті билік қала аумағынан қоқыс шығаруда әлемдік тәжірибеге енген тәсілді қолданып көрмекші. Шаһар әкімі орынбасарының айтуынша, жақын арада 500 қоқыс жәшігі сатып алынады. Бірақ олар бұрынғыдай үй маңына қойылмайды. 

Серік Гусман, қала әкімінің орынбасары:

- Жаңа үлгіде жасағымыз келеді. Шағын аудандағы 5-6 жерде шоғырланады. 30-40 контейнерден құралған арнайы жерлер болады. Барлық елдерде осылай қарастырылған.

Ақтауда тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен 9 компания айналысады. Соның 4-уі жеке, қалғаны заңды тұлғаларға қызмет көрсетеді. Барлығы да тарифті қайта қарауға әкімдікке өтініш білдіріп отыр.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев