Адам өміріне қауіпті жолдар қашан жөнделеді?

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы 5 ауылды қиып өтетін тас жол тозып барады. Жөндеу жұмыстары қолға алынбаса, 15 жыл бұрын төселген асфальттың ізін де таппай қаламыз деп алаңдайды тұрғындар.

Самара – Шымкент күре жолынан басталып, бір басы Қармақшы ауданындағы Тәйімбет Көмекбаев ауылына тірелетін аудандық маңыздағы бұл жолдың жалпы ұзындығы 98 шақырымды құрайды. Осыдан 15 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен. Алайда қыс, көктемдегі қарғын су салдарынан бірнеше жері ойылып, асфальты құрып бара жатыр,–дейді тұрғындар

Садық Жолмаханов, Т. Көмекбаев ауылының тұрғыны:

– Майлыөзектің бер жағында ойылып кеткен жерлер бар. Қуаңдарияның қасында ойылып кеткен жерлер бар. Әр жерде, су кеткен жерлерден ойылған ғой. Халық айтып жатыр, келген сайын айтады әкімге де, басқаларға да. Көбейе береді. Сол көбейіп кетпей тұрғанда ремноттаса жақсы болар еді.

Бұл жол Ақжар, Тұрмағамбет, Алдашбай ахун, Қуаңдария ауылдарының жанынан өтеді. Аталған елді мекендерде 7 жарым мыңдай халық қоныстанған. Тұрғындар жолдың тозуы – көлік апатына да себеп болып жатқанын жеткізді.

Марат Жалмағанбет, Т. Көмекбаев ауылының тұрғыны:

– Былтыр күзде осындай уақытта болды, Қуаңдарияның ар жағында жолдың кедергісінен шұңқырға соғып, жолдан шығып кеткен ба, кейбіреуінің рөлі істемей қалады, сондайдан кетеді, мынадай соққы болғасын.

Ал мамандар осыдан 3 жыл бұрын бұл жолдың 4 жарым шақырымы жөнделгенін айтты. Келесі жылы да 4 шақырымдайын жөндеу үшін қаржы қаралған.

Мария Саршаева, аудандық ТКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

– Дегенмен қазір жобаның мерзімі өтуіне байланысты қайта есептегеннен кейін бұның шақырымы қазіргі талаптарға сай өзгеруі мүмкін. Биыл жұмысын бастауға қаржы беріп тұр, қазір мемлекеттік сатып алу жүргізіліп жатыр. Келесі жылы аяқтаймыз осы жұмысты.

Әкімдіктің мәліметі бойынша, 154 шақырым аудандық маңызы бар жол бар. Оның 142 шақырымы – асфальт, қалғаны қиыршық тас пен топырақты жолдар. Биыл республикалық бюджет есебінен аудандағы 4 елді мекеннің 36 көшесі жөнделген. 2025 жылға дейін аудан жолдарының 95 процентін жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу жоспарланған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов