Сарышаған кентінде бес қабатты үйдің қабырғасы қақ айырылды

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты Сарышаған кентінде бес қабатты үйдің қабырғасы дәл ортасынан қақ айырылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір қауіпті баспанада 60 отбасы тұрып жатыр. Бірер күн бұрын арнайы мамандар келіп, үйге техникалық сараптама жасаған. Әзірге нәтижесі шыққан жоқ. Егер апатты деп тапса, тұрғындар қыстың көзі қырауда қайда барады?

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Дәл қазір біз апатты үйдің төбесінде тұрмыз. Көріп тұрғандарыңыздай, үй дәл ортасынан қақ айырылған. Тұрғындардың айтуынша, мына жарықшақ жыл санап ұлғайып келеді екен.

Жұрт қаржы жинап, оны қанша мәрте жамағанмен, нәтижесіз. Төбедегі су түгел үйге ағып, қабырғалар сыздан көгеріп кеткен. «Сондықтан пәтерлерді жөндеудің де енді еш мәні жоқ», - дейді тұрғындар.

Гүлфариза Түсіпбекова, Сарышаған кентінің тұрғыны:

- Біз жаңа үй талап етеміз. Біз басымызға қауіпсіздікті талап етеміз. Біз қайда барамыз, қара суық, қыс келе жатыр бүгін-ертең. Әкімшілік бізге жалдамалы пәтер ұсынып жатыр. Бір боқтықтан екінші боқтыққа барамыз ба? Өздеріңіз көргендей, бізде жоқ ондай ғимарат. Болмаса, интерннатқа дейді.

Осыдан 43 жыл бұрын іргетасы қаланған бұл үйдің қабырғасы алғаш рет 2006 жылы жарылыпты. Бірақ мамандар келіп, тексеріп, баспана тұруға жарамды деген қорытынды шығарған. Осылайша, үйді айналдыра темірмен тартып тастайды. «Бірақ соған қарамастан жыл өткен сайын қабырғасы қисайып келеді, - дейді жұрт. Ол аздай, жақын маңда жол салып жатқан құрылыс компаниялары жиі жарылыс жасайды екен.

Ақерке Әлімқұлова, Сарышаған кентінің тұрғыны:

- Сарышағанның жолдарының барлығы тас болғаннан кейін тасты үгіте алмайды. Одан кейін оны атады. Біздің есігіміз, тереземіз дірілдейді сол атқан кезде. Біз қорқамыз үй құлап кете ма деп. Ертең бізге ол үйді жамап бергені керек емес.

Жергілікті билік биыл осы маңдағы көп қабатты бірнеше үйге шатыр салмақшы болған. Бірақ мердігер жарылған баспананы жөндеуден бас тартыпты. Шатырдың салмағын көтермейді деген уәж айтқан. Осыдан соң кент әкімі бұл үйге тағы бір мәрте техникалық сараптама жүргізуге шешім қабылдайды. Әзірге нәтижесі белгісіз.

Әнуар Тойымбеков, Сарышаған кентінің әкімі:

- Бұл жерде бір шешімі – үй салу. Егер апаттық жағдайда сносқа кететін болса бұл үй, онда тек қана үй салу керек бұл жаққа.

Себебі бір мезетте 60 отбасын көшіретін кентте дайын тұрған баспана жоқ. Соңғы 30 жылда мұнда көп қабатты бірде-бір үй салынбаған. Оның үстіне қазір Сарышаған бойынша пәтер кезегінде 50 адам тұр екен. Сондықтан бар үміт техникалық сараптаманың қорытындысында.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев