Қарағандыда мемлекет берген үйдің тұрғындары сусыз және жылусыз отыр

Мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болған қарағандылықтар қыс басталмай жатып, қалтырап отыр. Көп қабатты үй, сәуір айында дәрігерлер, мұғалімдер мен мұқтаж отбастарына берілген еді. Бірақ бұл тұрғын жайды, қызмет көрсетуші компаниялар әлі күнге дейін балансқа алмаған. Қазір кәріз жүйесі істемейді. Жылу да берілмеген. 

- КИК-тен сұрасақ ол акиматқа жібереді, акимат застройщикке барыңдар дейді. Ал застройщик біз уже үйді бергенбіз, сіздердің үйлеріңізге еш қатысымыз жоқ, Октябрь ауданы әкімдігі жасайды деді. Крайныйын таба алмай жүрміз. 

5 қабатты үй тұрғындарының тұрып келе жатқан 4-5 ай ішінде табаннан тозып бармаған жері қалмаған. Сонда да үйді қаланың бір де бір қызмет көрсетуші компаниясы балансқа алмапты. Салдарынан жертөле суға толып, үйді қолқаны қабатын иіс басқан.

Әлия Ермакашева, қала тұрғыны:

- 5-6 подъезд бітелген еді. Сонда барлық колодец бітіп қалды. Барлық әжетханаға кететін қалдықтар сол жерден шығып жатыр.

Динара Жабағина, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Үй толған кішкентай бала, инвалидтер бар. Бұл әлеуметтік осал топтағы тұрғындар. Мемлекет ақша бөліп жатыр. Соның бәрі қайда, неге бізді тонап жатыр? Төбе проблема, подвал проблема, отопление жоқ, үй суық.

Ал жауаптылар болса алдағы бір айда барлық проблеманы шешеміз деп уәдені үйіп-төгіп отыр. Дәл осы мерзімде қызмет көрсетуші компаниялардың қойған барлық ескертпелері жойылады дейді. Балансқа өткізу жұмыстарының кешігуіне құрылыс саласындағы бірқатар өзгерістер әсер еткен көрінеді.

Нұрлан Абжанов,  қалалық  құрылыс бөлімі басшысының орынбасары м.а.:

- Қазіргі таңда мердігер компаниямен Қарағанды су, жарықпен берілген ескертпелер істеліп жатыр. Октябрь айының соңына дейін бұл инженерлік желілерді тапсырып, Қарағанды су, жарық балансына өткізуді жоспарлап отырмыз. 

Бұл үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында берілген. Талай жыл баспана кезегінде тұрған 100-ден астам отбасының шаршы метрді 20 жыл жалдап, артынша өз аттарына түсіріп алу құқы бар. Бірақ жыл өтпей жатып жыр болған жаңа үйдің мәселесі алдағы 1 айда толық шешілеріне тұрғындар күмәнмен қарайды. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев