Қазақстандықтардың 15%-інің қысқы аяқ киім сатып алуға мүмкіндігі жоқ

Елде аяқ киім қымбаттаған. Сауалнамаға қатысқан халықтың 15%-і қысқы етік сатып алуға мүмкіндігі жоқ екенін айтқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аяқ киім өндірушілер мен сатушылар 1 қарашадан бастап тауарды таңбалау нормасы енгізілсе, баға тағы шарықтайды деп қауіптенеді.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Қарағандылық Гүлнар Сынбинова 8 жылдан бері аяқ киім саудасымен айналысады. Саланың тетіктерін жақсы білетін ол 1 қарашадан бастап енгізілетін таңбалау нормасы әлі толық жетілдірілмеген деп отыр. Себебі машақаты көп. Оның үстіне сырттан келетін тауардың барлығы кедендік қоймаларға келеді. Ал, олардың барлығы жеке қолда. Бұл осы бағыттағы жұмысты күрделендіріп жіберуі ықтимал.

Гүлнәр Сынбинова, кәсіпкер:

- Неге кеден бағдарламасымен сандық жүйені біріктірмеске?! Сол кезде тауар кеден қоймасына келген бетте бірден таңбаланып отырады. Бұл араға делдал салып, бәзбіреудің қалтасын қампайтудың қажеті қанша? Data Matrix кодын беретіндер меншікті компания екен. Одан да ол кеден құрамында болса, біз жеке компанияға бергенше қаншама қаржыны мемлекетке төлеп отырайық.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау талабы енгізілсе, оның кесірі тағы да бірінші кезекте ең соңғы тұтынушы, яғни, қарапайым халыққа тиеді. Себебі сатушылар мен өндірушілер сол талап енгізілсе, барлық аяқ киім туралы мәліметті белгілі бір сайтқа салып отыруы керек болады. «Ал, бұл қаншама уақытты талап етеді», - дейді олар. Сондықтан қосымша қызметкерді жұмысқа алу керек болады. Оның айлығы бар, өзге де шығындар бар осының бәрін есептей келе, аяқ киім бағасы тағыда 20%-ке қымбаттауы мүмкін деп жорамал жасап отыр.

Қазір дүкендерде етіктің орташа бағасы 10 мың теңгеден басталады. Кейін қалтаңызға қарай жарты миллион теңгенің де аяқ киімін табасыз. Бірақ ел тұрғындарының 15%-і жарты миллион түгілі 10 мың теңгенің аяқ киімін ала алмайтынын айтқан. Статистикалық департаменттің ақпаратынша, жыл басынан бері әйелдер етігі 5%, ерлердікі 6,5%, ал балалар аяқ киімі 9%-ке қымбаттаған.

Блиц 1:

- Негізі халықтың да жағдайын кішкене ойлау керек қой. Кішкене түсірсе бағаны. Былтырғыдан көп қымбаттады. Былтырғы баға жоқ биыл. Оның үстіне 50%-тен артық көтерілгендер де бар.

Блиц 2:

- Мен өзім күздік етікті 42 мыңға алдым. Ол қымбат менің жарты айлығым десем де болады. Менің айлығым жетеді, сондықтан аламын. Бірақ 50-60 мыңға істеп жатқан адамдарға өте қиын, өте қиын. Өз ортамызда бар ондай. Сондықтан білмеймін.

Қазір ескі етікті қайтадан қалыпқа келтіріп киюді жөн санайтындардың артқанын етікші Мейрам Медеубаев та аңғарған. 15 жылдан бері осы жұмысты кәсіп еткен ол ескі етікті қолтықтап келетіндер көп дейді.

Мейрам Медеубаев, етікші:

- Күніне 4-5 адам келеді ең аз дегенде. Мен кейде қалып қоямын осында жұмыспен. Кейде 9-10-ға дейін, өйткені бәріне таңертең керек, жұмысына барады. Бағасы қиын болған соң адамдар қиналып жүр де, сосын айтамын, ескі аяқ киімдерің жақсы деп, жөндеуге. Сапасы жоқ қазіргі аяқ киімдердің.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Бұл – Тараздағы тарихы 50 жылға жуықтайтын, етік шығаратын зауыт. Мұндағы етіктің ең арзаны 5 мың теңге шамасында. Материалдардың барлығы импорттық. Кезінде жылына 6 миллион аяқ киім шығарған зауыт қазір тек жылдық қуатының 30%-інде жұмыс істеп тұр.

Еркебұлан Ералы, кәсіпорын басшысы:

- Қазақстандық өндірушілер жалпы ішкі өндірістің 2%-ін ғана қанағаттандырады екен. Қалған 98-і ол импорттық. Бәсекелес болу үшін импортпен бізге белгілі бір жағдай жасалу керек. Ол қаржыландыру саясаты, салықты реттеу саясаты бар.

Ал, бұл 2017 жылы Орал қаласында Бизнестің жол картасы бағдарламасы аясында 380 млн теңгеге ашылған етік тігетін зауыт. Қазір қаңырап бос тұр. Себебі отандық өнімнің алдын импорттық және қара нарықтағы тауар екі орайды. Өйткені бағасы арзан. Тұтынушы таңдауы – отандық кәсіпті тентіретіп жіберген.

Мейрам Қабдығалиев, БҚО Кәсіпкерлік басқармасының ресми өкілі:

- Жобаның күштілігі – жылына 265 мың аяқ киім тігу. Сонымен қатар 50 жаңа жұмыс орны ашылған болатын. Қазір ол жоба бойынша жұмыстар тоқтап тұр. Тауарларды өткізу себебіне байланысты. Басқада ешқандай проблема жоқ. Басты мәселе осы өткізу мәселесінде болып тұр.

Құзырлы министрлік болса, аяқ киім айналымының 96%-і импорттық екенін жасырмайды. Ал, елдегі 60-қа жуық кәсіпорын небәрі 4%-ті қанағаттандырып отыр. Ал, саланың дамуына келсек жетістіктен гөрі олқылық көп.

Фаррух Изатуллаев, ҚР ИИДМ Жеңіл өнеркәсіп басқармасының сарапшысы:

- Басты проблемаларды айтсақ, маман тапшылығы, арендалық бутик қымбаттығы, ел ішінде шикізат жетіспеушілігі, қосалқы материал бағасының тұрақты өсімі, сондай-ақ отандық кәсіпорындардың мемлекеттік тапсырыстарға ғана басымдық беруі.

Мемлекеттік кіріс комитетінің ақпаратынша, елдегі аяқ киім саудасының 50%-ке жуығын көлеңкелі айналым құрайды. «Келеңсіздікті жоюдың жалғыз жолы – осы аяқ киімдерді таңбалау», - дейді мамандар. Алайда, мемлекеттік тапсырысты ғана орындап үйренген отандық кәсіпорындардың жағдайын бұл заң қаншалықты оңтайландыратыны белгісіз.

Авторы: Дәуренбек Бағдәулетұлы