Куликов шайқасы аңыз ба, ақиқат па?

Куликов шайқасы жайлы деректер аңыз ба ақиқат па? Ақиқат болса қандай дәлелдер бар? Бұл соғысқа біздің бабаларымыз қатысты ма? Осы сұрақтарға жауап табу үшін, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Ресейдің Тула қаласына барып, Куликов даласын аралады.

Ресей тарихындағы ең маңызды соғыстың бірі дәл қазір біз тұрған мына алаңда өткен. Дәл осы жерде 1380 жылы Мәскеу князы Дмитрий Донской мен Мамайдың қалың қолы кездесіп кескілескен соңыс жүргізеді. Бүгінде бұл жерге алып туристік кешен салып, мынадай мұражай орнатқан. Оның қабырғасына арнайы қоңырау ілінген. Ол таңғы сағат 11-де қайғылы үнмен соңылса, сағат бірде қуанышты үнмен соғылады екен. Бұл Мәскеу князының жеңіске жеткенін білдіреді. Соғыс үш сағатқа созылған.

Жергілікті тарихшылар бұл шайқастың болғанына бек сенімді. Дәлел ретінде орыс жылнамаларында жазылған ақпарат пен осы маңда жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесін айтады. Табылған жәдігерлерді жұртқа көрсетіп, тарихты насихаттау үшін алып кешен салынған. Мұражайда шайқастың қалай болғанына дейін көрсететін макет жасап, табылған жәдігерлерді барынша қалпына келтірген.

Наталья Новикова, «Куликово поле» музей кешенінің әдіскері

– Қазба жұмыстары кезінде садақтың ұшы, қылыштың сабы, пышақ, крест осындай ұсақ жәдігерлер ғана табылды. Бірақ біз орта ғасырға тән дулыға, сауыт сынды ірілеу зат табуға ниеттіміз. Әзірге нәтижесіз. Әрине Куликов шайқасы жайлы көптеген аңыз бар. Ұзақ зерттеуден кейін біз оның нақты қай жерде өткенін анықтадық. Ал табылған жәдігерлер технологияның көмегімен қалыпқа келтірілді. Оларды көру үшін мұражайға келу керек.

Куликов шайқасын зерттеген ғалымдар соғысқа қатысқан сарбаздардың санын есептегенде бүгінге дейін ортақ шешімге келе алмады. Әрқайсының есебі әр түрлі. Белгілісі Дмитрий Донскойды маңайдағы 12 княздық қолдаған. Ал сол кезде Алтын орданың жартысына билігін жүргізген Мамай көшпенді тайпалардан қол жинады. Оларың көбі Дешті қыпшақ даласынан шыққан біздің бабаларымыз еді.

Сергей Цепляев, тарих пәнінің мұғалімі:

– Еуропа архивтерінде сақталған көне карталарда бұл маңнның дешті қыпшақ даласына кіретіні анық жазылған. Билеушілері де қыпшақтар болған. Ал Батыйдың шабуыланан кейін бұл жерлер Алтын орданың құрамына кірді. Бірақ жергілікті жұрт ешқайда көшкен жоқ. Сондықтан моңғолдар билікті басып алғанымен халқының 95 проценттейі қыпшақтар болды.

Енді Мамай Мәскеуге неге жорық жасады дегенге тоқталсақ. Бұл Алтын орданың құлдырай бастаған кезі еді. Мемлекетте саяси дағдарыс орнаған. Алып елді басқаруға бектердің бегі атанған Мамай мен хан ұрпағы Тоқтамыс таласып, бір-бірімен соғысып жатты. Осыны пайдаланған орыс княздары Алтын ордаға салық төлеуден бас тартады. Мамай оларды шауып, өзіне бағындыруға тырысқан.

Сергей Цепляев, тарих пәнінің мұғалімі:

– Таққа үміткер Тоқтамыс бұл соғыста орыс княздарының жеңісіне мүдделі болды. Өйткені Мамай –оның саяси һәм әскери бәсекелесі. Сондықтан Дмитрий Донскойға жәрдем берген болуы да мүмкін.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

– Ол кезде Дмитрий Донской орыс княздарының басын қосып, ұйымдастырып, үлкен қозғалыс жасады деп айтуға болады. Ресейдің мемлекет ретінде, орыстардың ұлт ретінде бастары қосыла бастаған уақыты еді. Сондықтан да бұл арадағы шайқастың маңызы Ресейге өте жоғары. Осы шайқаста оларға жеңілу, жеңілмеу маңызды болған жоқ. Бұлар өздерін кәдімгі ұлт ретінде, мемлекет ретінде көрсету керек болды. Сондықтан олардың барлық жағынан да рухтары өте жоғары болды.

Расында осы жеңістен кейін орыс княздары жұдырықтай жұмылса көшпенділерге қарсы тұрып, Алтын орда боданынан босауға болатынын түсінді. Егемен ел ретінде ес жия бастады. Алайда екі жылдан кейін ішкі тартыста жеңіске жеткен Тоқтамыс Мәскеуге жорық жасап, қаланы басып алды. Орыс княздарын қайтадан жүз жыл бойы салық төлеуге міндеттеді.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа Қуаныш Қожабеков