Қарағанды облысынан патшайым Екатерина Екіншінің тұсындағы тиын табылды

Қарағанды облысынан патшайым Екатерина Екіншінің тұсындағы тиын табылды

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры тағы бір құнды жәдігермен толықты.

Екатерина II-нің тұсындағы көне тиынды балықшылар тауып алған. Зейнеткер Жұмахан Тамабеков Сарысу өзенінің бойында жауынқұрт қазып жатқан кезде байқап қалады. Мыстан құйылған бес тиын 1766 жылы жасалыпты. Үш ғасырға жуық жер астында жатқан тиынның беті аздап шіріген. Дегенмен, суреті мен жазуы сақталыпты. Зейнеткер жәдігерді музейге әкеліп тапсырды.

Жұмахан Тамабеков, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Бірінші кезде домалақ не нәрсе деп ойладым. Известь сияқты қатып қалған екен, соны тазалағанда жапырақтар көріне бастады. Мынадай тауып алу менің бағыма келіп отыр енді. Екінің бірі тауып жатқан жоқ ғой. Өте қуаныштымын осы жерге тапсырғаныма. Осы жерде болғаны жақсы. Ертең біздің кейінгі ұрпақтарымыз тамашалайды.

Темірғали Аршабеков, тарихшы:

- 1762 жылдан бастап 1796 жылға дейін Ресейде сенаттың шешімі бойынша Екатерина Екінші осындай мыс монеталар дайындата бастады. Бұлар миллионнан артық. Бұл монетаның сол кезеңдегі құны 5 тиын ғана. Көп қымбат тұрмайды. Бірақ та бұл жәдігердің ең басты құндылығы Сарысу өзені бойында үлкен көш керуен жолының болғандығын дәлелдейді.