ШҚО-да алаяқтар ауыл тұрғындарының жерін жалған құжатпен сатып жіберген. Тергеу жүргізілуде

ШҚО-да алаяқтар ауыл тұрғындарының жерін жалған құжатпен сатып жіберген. Тергеу жүргізілуде

Шығыс Қазақстан облысындағы Көкпекті ауданында 80-нен астам ауыл тұрғыны меншікті жер телімінен айырылып қалды.

Айтуларынша, жер учаскелері жалған құжат арқылы басқа біреуге сатылып кеткен. Осылайша бұқара азын-аулақ малына шөп жинайтын шабындықтан қағылып отыр. Тіпті сараптама арқылы жерді сату-сатып алу құжаттарындағы қол мен мөрдің жалғандығы дәлелденген. Құқық қорғау органдарына шағым да түсті. Алайда алаяқтық іске кімнің барғаны әзірге белгісіз.

Қарамағындағы жерінен айырылып сан соғып қалғандардың бірі – 82 жастағы Бәдиша Кеңшілікова. Ауыл шаруашылығы кооперативі құрамындағы 10 гектар жерден шөбін шауып, малын бағып жүрген қарияны басқа біреу келіп, бір-ақ күнде қуып шыққан.

Бәдиша Кеңшілікова зейнеткер:

– Шөбімді, жерімді қайтарыңдар маған. Одан басқа түгім жоқ. Тартып алған адам сендерді өлтіремін, кетіңдер мына жерден деді, бітті.

Жайбарақат жүрген кооператив жетекшісі де бұл туралы ең соңынан естіпті. Оған да «жаңа қожайын», жер менікі, босат деген пәрмен берген.

Төлеуғазы Шамгунов, Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жетекшісі:

– Бір жігіт келді де, бақпайсың мына жерге, мен сатып алдым деді. Қалай сатып алдың деп едім, мен сатып алғам деді. Жер кадастрға барып құжан көрсетші дедім, 15 күннен соң кел деді, 3-4 күнен соң келдім. Қарасам, қол менікі емес, мөр менікі емес. Мынау менікі емес десем, біз білмейміз деп құжаттарды итере салды.

Төбесінен жай түскендей болған Төлеуғазы Шамгунов халықты жинап, жерді сатып алған азаматпен де кездескен.

Ұлтарақтай жерін сұрап, ұлардай шулаған ел қазір сенделіп қалды. Кезінде осы ауданға талай еңбегі сіңген қарияларға бұл оңай тиген жоқ.

Тоқан Жазнаев, зейнеткер:

– Қалай жыламаймын, қалай зарламаймын. Сексен беске келгенде 70 жылын жұмыс істеппін, мына қолмен колхоз құрдым, мына қолмен совхоз, колхозды орнаттым, сонда менің еңбегім қайда кетті?

Абдырап қалған кооператив иесі өзінің қолы мен мөрі жалған қойылған құжаттарды алып полицияға шағымданған. Сараптама шынымен де олардың жалғандығын растады. Алайда іс бір тоқтап, бір жалғасып, әлі созылып келеді.

Ақылбек Досымбеков, Көкпекті ауданы Полиция бөлімі басшысының орынбасары:

– Жаңағы осы құжаттардағы қолдың сараптамаға сай ол кісінікі емес екені анықталды, қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып, жәбірленушінің шағымдары тексеріліп жатыр.

Облыстық прокуратура жіберген үшбу хаттағы жауап та осыған саяды. Әзірге қандай да бір мәлімет беру заңға қайшы екені айтылған. Ал жерінен айырылған жұрт болса күдерін үзе бастады. Көпшілігі қарт адамдар болғандықтан, қатары сиреген. Соңғы бірнеше айда 7 адам қайтыс болған.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов