Елордада екпе алғандар арасында ойнатылған екі бөлмелі пәтердің жеңімпазы анықталды

Бүгін Нұр-Сұлтанда вакцина алғандар арасында ұтыс ойыны өтіп, жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұтыс «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде өтті. Мамандар азаматтарды екпе алуға ынталандыру арқылы иммунитет қалыптастыруға шақырды.

Екі бөлмелі пәтердің автоматты ұтыс ойынына осы жылдың 25 маусымы мен 28 қыркүйегі аралығында екпе алғандар қатысты. Қалалық вакцинация орындарының кез келгенінде екпенің 1-компонентін алғандар арасында ойнатылды. Сонымен қатар тікелей эфирде бағалы сыйлықтар да жеңімпазын тапты

Әлия Рүстемова, қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Тұрғындардың денсаулығы бәрінен маңызды. Елордада өткізілген ұтыс ойындары азаматтарды екпе алуға ынталандыру мақсатында жасалып жатыр. Осылайша әр адам өзінің және айналасындағылардың денсаулығын сақтай алады. Өйткені, басты мақсат – ұжымдық иммунитетті дамыту және карантинге дейінгі режимге оралу.

Бүгінге дейін бас шаһарда коронавирустық инфекцияға қарсы екпенің 1-компонентін, азаматтардың 70% жуығы, яғни 435 мыңнан астам адам егілді. 400 мыңға жуық адам толық иммундаудан өтті. Мамандар тұрғындардың белсенділігі жоғары деп отыр. Ал қала бойынша медициналық мекемелермен қатар ірі сауда орындарында барлығы 84 вакцина егу бекеті жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ еңбек ұжымдарын вакцинациялау үшін көшпелі бригадалар да бар.

Әліби Зәуірбек, қалалық 2 емхана дәрігері:

– Қалай осы қауіпті індеттен құтыламыз деген ақпарат жүргізгеніміздің арқасында мекемелер мен тұрғындар екпе алуға келіп жатыр. Бізге бір күнде шамамен 80-100 адамдай келеді. Оларды тексеріп, дәрігер рұқсатын берген соң егеміз.

Ұйымдастырушылар бұл жүлделерді демеушілер ұсынғанын айтады. Ал ұтыс ойыны Birge платформасында арнайы рандомайзер сервисі арқылы жүргізілді. Осылайша екпе алғандардың ID нөмірі арқылы жүлде иелері анықталды.

Вакцина – сіздің денсаулығыңызды, жақындарыңыз бен айналаңыздағы адамдардың да денсаулығын қорғауға, карантинге дейінгі қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік беретін жалғыз жол.

Айнұр Қуатқызы, Ерлан Наурызбаев