Facebook несімен қауіпті?

Facebook несімен қауіпті?
ProHotelia

Өкен апта фейсбук үшін оңай болмады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдымен әлеуметтік медиа гигантқа тиесілі желілер істен шығып, бірнеше сағаттың ішінде компанияға миллиондаған шығын әкелді. Артынша Фейсбуктың бұрынғы қызметкері АҚШ сенаторларының алдында куәлік беріп, компанияның жүргізіп отырған саясатына қатысты тың ақпаратпен бөлісті. Айтуынша, Марк Цукерберг бастаған технологиялық компания өзінің қолданушыларына, оның ішінде жастарға теріс әсер етуде. Бұлай жалғаса берсе, Фейсбук АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне де қатер төндіруі мүмкін деді ол.

Френсис Хоган, фейсбуктың бұрынғы жоба менеджері:

– Тым кеш болмай тұрғанда фейсбуктің қоғам үшін қауіпті екендігін түсіну керек. Ең алдымен біздің балаларымыз бен демократиямыз үшін қауіпті. Бұл компанияның күші шектен шығып барады. Инстаграм қазіргі кезде темекі сияқты деңгейге жетті. Әсіресе жас қыздар үшін алаңдаушылығым бар.

Фейсбуктың бұрыңғы жоба менеджері Френсис Хоганның сөзінше, мәселенің түп-төркіні снстаграмның контентінде емес, сол контентті ұсынатын алгоритімде дейді. Мұндай әдіс әлеуметтік желілердің арасында «еліктіру негізінде құралған рейтінг» деген атпен белгілі. Яғни қандай да бір өнімді немесе қызмет түрін қайта-қайта жарнамалап, инстаграмның басты бетіне шығара беру арқылы жастарды нысанға алады. Осылайша желі қолданушыларын сол өнімді тұтынуға итермелейтін көрінеді.

Дамира Каримова, цифрлық әлеуметтік медиа магистрі:

– Телефоныңыз 24 сағат қосулы болған кезде не айтып жатырсыз, не іздеп жатырсыз, немесе жанарыңызбен 3 секундтан аса қандай нәрсеге қарадыңыз. Соның барлығын зерттеп, сізге қызық болады-ау деген ақпаратты жіберіп отырады.

Ғалымдардың айтуынша, еркінен тыс контентті көріп, өзгелердің өміріне қызғанышпен қарау депрессия мен психологиялық күйзеліске ұшыраудың артуына алып келеді. Сондай-ақ жастардың арасында артық салмақтан арылғысы келетін қыздар, инстаграмдағы жұлдыздардың дене бітіміне қызығып, шамадан тыс арықтауды көздейді екен. Ал мұндай құмарлықтың арты анорексия сияқты қатерлі ауруларға апарады дейді мамандар.

Эшли Томас, инстаграм қолданушысы:

– Мен инстаграмға тәуелді болып кеткенім соншалық, тамақ ішуден бас тарттым. Идеалды денемнің болғанын қаладым. Өйткені инстаграмдағы жұлдыздар сияқты сымбатты болғым келді. Парақшама күн сайын мынадай жаттығу жасауың керек, мынадай тамақты жемегенің дұрыс деген сияқты көптеген жарнама шыға бастады. Солардың артынан еремін деп жүріп бір күні ауруханадан бір-ақ шықтым.

Дегенмен бұл істі бір жақты қарауға болмайды. Өйткені түптеп келгенде әркімнің өз еркі, өз таңдауы бар дейтін америкалықтар Сенаттың мұндай әрекетіне наразылық білдіруде. Фейсбуктың негізін қалаушы Марк Цукерберг Френсис Хоганның пікірімен келіспей, Сенатта айтылған айыптардың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Әсіресе компанияның пайда табу идеясын қолданушылардың қауіпсіздігінен жоғары қояды дегені нонсенс деді ол өзінің парақшасында. Осы орайда фейсбукке қатысты айыптарды жоққа шығарып, мәселені егжей-тегжейлі түсіндіру үшін Цукербергтің өзі алдағы уақытта Сенат алдына шақырылуы мүмкін дейді мамандар. Алайда оның нақты қашан болатыны әлі де белгісіз.

Талғат Алманов