«Дипломмен ауылға»: Түркістан облысында 78 дәрігер ауылға аттанды

Биыл Түркістан облысының ауыл-аймағындағы медициналық мекемелерге 78 дәрігер тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мамандар қалада оқып «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы туған жерді түлетуге келген. Оларға тұрақты жұмыс, жеңілдетілген несиелік баспана мен сыйақы төленеді. Алайда ауылдық жерлерде маман тапшылығының мәселесі әлі де шешімін таппай келеді.

7 жыл білім алып, балалар дәрігері мамандығын игерген Шыңғыс Сәдуақасов – мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқан жастың бірі. Ол өзі туып өскен Келес ауданына оралды. Жас маманнан білікті кадрға аяқ басқан Шыңғыстың жұбайы да – дәрігер.

Отбасылық дәрігерлер қиындығы мен қызығы қатар жүретін жұмыстарының қарқынды дамып келе жатқандарына қуанады. Себебі науқасты емдеуге көмектесетін жаңа құрылғылар шалғай аймақтарға да жеткен. Тек соған алған білімі мен біліктіліктерін ұштастыра білсе жеткілікті. Жас отбасы Шыңғыс пен Ақеркеге мемлекеттік сыйақы мен үй салу үшін жеңілдетілген несие де беріліпті.

Шыңғыс Сәдуақасов, балалар дәрігері:

- Жұмысқа тұру жағынан бізде мүлде қиындық болған жоқ. Неге десеңіз, біз оқуды бітіріп жатқан кезде дипломды алмай жатып бізге жан-жақтан түрлі облыстан ұсыныс болған. Мен өзім осы жақтың тумасы болғандықтан өзіміздің ауылды таңдадым.

Келес аудандық ауруханасында дәрігерлердің жетіспеушілігі мәселесі өзекті. Сондықтан жас мамандарды әрдайым қуана қабылдаймыз дейді. Биыл ауылға келген дәрігерлердің қатары артқан. Алайда осында тұрақтап қалушылардың саны аз.

Кәмила Тұржанова, Келес аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Дәрігер реаниматолог, жан сақтау бөлімінің дәрігерлері және гастроэнтеролог, нефролог деген дәрігерлерде тапшылық бар. Институттан кейін тағы 3 жыл резидентураны оқып келеді. Жалпы дайын маман болып келеді. Бұл жерде көмек көрсетіп жатыр. Жоғары, сапалы медициналық көмекті көрсетіп жатыр.

Аурухана басшылығы ауылда тәжірибесі толысқан маман атануға мүмкіндік көбін айтады. Сондай-ақ мұнда қызмет бабымен жоғырылау жеңіл дейді. Бұл білімді жастардың қызығушылығын арттыратын басымдықтың бірі.

Ал Жорабековтар отбасы ауылда бірнеше жыл жұмыс істеп, мегаполиске оралуды ойлап еді. Уақыт өте келе жоспар өзгеріп, осында біржолата қалдық дейді. Қазір екі бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптылар ауылдық ауруханада акушер-гинеколог болып жұмыс істейді.

Қасымбек Жорабеков, акушер-гинеколог:

- Ауылдық квотамен оқығанымыз үшін ауылдық бағдарламамен келіп, жұмысқа орналастық. Ауылдық жерде қазір жаман емес. Интернет жағы бірте-бірте жақсарып келе жатыр. Бір жағынан ауруханалар да жақсарып келе жатыр. Ауылдық жердің өз қиыншылықтары бар. Бірақ өзімізге ұнайды осы жерде жұмыс істеген.

Дәрігерлердің жұмысқа шағымы жоқ. Бірақ күніне көптеген науқасқа қызмет көрсету керек. Себебі шалғай өңірде маман тапшылығы едәуір байқалады. Дегенмен биыл ауылға 78 ақ халатты абзал жан келген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов