Көкшетауда жұмыртқа бағасының шарықтауына не себеп

Көкшетауда жұмыртқа бағасының шарықтауына не себеп

Көкшетауда жұмыртқа күннен күнге қымбаттап барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен айда өнімнің бір ондығы 300 теңгенің маңайында сатылса, қазір ол 500 теңгеге жақындады. Ал Ақмола облысы республикада жұмыртқа өндірісі бойынша алғашқы үштікке кіреді. Аймақта бірнеше ірі құс фабрикасы бар. Олар жыл басынан бері 600 млн дана жұмыртқа өндірген. Сонда бағаның шарықтауына не себеп?

Ақмола облысы тұтынушыларының тауық жұмыртқасына деген сұранысы 200 млн данаға жуықтайды. Яғни жергілікті фабрикалар қажеттілікті толық қамтамасыз етіп отыр. Бірақ соның өзінде бағаның бұлай құбылуын халық еш түсіне алар емес. Ал сатушылар болса жұмыртқа қысқа қарай тағы да қымбаттайды деп отыр.

Елена Мельник, сатушы:

– Қыркүйек айының соңынан бері жұмыртқа бағасы 140 теңгеге көтерілді. Бұл шамамен 33 процент. Сатып алушылар бізге наразылықтарын білдіріп жатыр. Бірақ біздің қолдан не келеді? Тағы қымбаттайды деген болжам бар. Дәл қазіргідей баға бұрын тек Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында болатын. Енді биыл қысқа қарай ол 600 теңгеден асуы ғажап емес.

Осылайша қазір жұмыртқаның базарда 420 теңгеден кемі жоқ. Ал жекелеген дүкендерде тіпті 500 теңгеден сатып жатқандар да бар. Жергілікті билік өкілдері болса, қымбатшылыққа бірнеше фактор әсер етіп отырғанын айтады.

Жанна Әбдірахманова, қала әкімінің кеңесшісі:

– Бұл дизель отыны мен жемнің қымбаттауына байланысты. Сондай-ақ Қазақстан бойынша 10 фабрика жабылды. Яғни жұмыртқаға деген сұраныс артты. Қазір біз бағаны тұрақтандыру үшін қаладағы әлеуметтік дүкендерде жұмыртқаның бір ондығын 300 теңгеден сатып жатырмыз.

Алайда ондай дүкендер қалада саусақпен санарлық. Онда әкелінетін өнімнің көлемі де шектеулі. Сондықтан бұл әрекет бағаны тұрақтандыра алады дегенге сену қиын.

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный