Жүргізушілердің жауапсыздығынан қаза тапқандар саны артты

Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл ауылының тұрғындары жолдан өтуге қорқады. «Нұр-Сұлтан-Петропавл» тас жолының бойында орналасқан елді мекенде бір аптаның ішінде бірнеше жол апаты болып, бір адам қаза тапты. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жүргізушілер жылдамдықты асырып, жол белгілеріне қарамай зуылдайды.

Бұл Бескөл ауылында болған соңғы жол апаты. Бейсенбінің кешінде көлік жүргізушісі жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан әйелді қағып кеткен. Ал одан екі күн алды 3 көлік соғылып, бір адам мерт болды. Тағы екеуі ауруханаға түсті. Осы оқиғалардан кейін тұрғындар жолдан өтуге қорқып қалған.

Дариға Исина, Бескөл ауылының тұрғыны:

– Жаяу жүретін адамдарға өте қауіпті. Белгіні қойған жерге шопырлар дұрыс қарамайды. Тоқтай ма, тоқтамай ма деп өзіміз күтіп тұрамыз.  Көліктің тоқтағанын біраз күтіп тұрамыз. Мына жерде кеше жол апаты болды. Бір келіншекті қағып кетті. Содан кейін өзім қызым мен немеремді қалаға мектепке апара жатырмын. Осылай ерсілі-қарсылы жүреміз.

Айдарбек Сабыржан бұл жолмен күнде жүреді. Оқушының айтуынша, кейбір жүргізушілер жаяу жүргіншілер жолағына қарамайды да. Адам тұрса да, тоқтамай өтеді. Өзі де бір рет көлік астына түсе жаздаған.

Айдарбек Сабыржан, мектеп оқушысы:

– Бір рет жолдың ортасында көлік тез келе жатыр, өтіп кетемін деп ойладым да, тоқтап қалдым. Әлгі көлік алдымнан өтіп кетті. Тез өтіп кетті. Енді не істеуге болатынын білмейміз. Осы жерге бағдаршам қою керек шығар. 

Бескөл ауылы Петропавлдан небәрі 12 шақырым жерде орналасқан. Аудан орталығында 15 мыңға жуық халық тұрады. Қалаға қатынайтындар өте көп. Әсіресе, таңғы және кешкі уақытта көлік нөпірі ары-бері ағылады. Жолдың бойында «40» деген белгі бар. Бірақ оған қарап жатқан ешкім жоқ.

Осыдан екі ай бұрын Бескөл ауылына кіреберіс жолдың ар жағы мен бер жағына осындай жылдамдық өлшеу құралдары қойылды. Бірақ олар істемейді. Оны білетін жүргізушілер жылдамдықтарын түсірмей, осылай өте шығады.

«Нұр-Сұлтан-Петропавл» тас жолының Бескөл бөлігінде жаяу жүргіншілерге арналған 4 жолақ бар. Бұл аралықтың қауіпті екенін полицейлер де мойындап отыр.

Бахтияр Есімов, Қызылжар аудандық ПБ бастығының орынбасары:

– Бұл жолға жиі сараптама жасалады. Шынымен де бірнеше рет көлік апаты болып, қылмыстық істер қозғалды. Соның негізінде тиісті органдарға қосымша батырмалы бағдаршам орнату, жолдың үстімен өтетін жаяу жүргіншілер жолағын салу секілді ұйғарымдар жіберілді. Тәжірибе көрсетіп тұрғандай, жүргізушілер де жол ережесін сақтамайды.

Тағы бір мәселе – ауылда аялдама аз. Тұрғындар автобусты тура трассаның жиегінде тұрып күтеді. Айта айта жауыр болды. Кейбіреуіне тіпті ауыр болды.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев