ШҚО-да алтын өндірушілерге айыппұл салынды

Шығыс Қазақстанның Күршім ауданында заңсыз алтын өндірген «Хван» деген жеке кәсіпкерге 175 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл компания жер қойнауын игеруге мүлде рұқсаты болмаса да, өзен арнасын бұрып, ұлттық қорықтағы қылқан жапырақты ағаштарды тамырымен қопарып тастаған. Алтын қазумен айналысатын тағы бір компанияның да суды ластағаны анықталды. Оған экологтар 240 мың теңге айыппұл салған. Қос компания алтын қазып өңдеу кезінде Күршім мен Марқакөл өңіріндегі өзендердің қатты ластанғаны белгілі болды. Экологтар алтын қазушылардың қызметін әлі тексеріп жатыр. Сондықтан айыппұл тағы өсуі мүмкін. Егер табиғатқа миллиондаған теңге зиян келтірілгені дәлелденсе, қылмыстық іс қозғалады. Әзірше бүлінген жерді қалпына келтіру міндеттелді.

Данияр Әлиев, облыстық экология департаментінің басшысы:

– Қазір бәрін реттеу керек. Биологиялық ресурстарды қалпына келтіру жұмыстарын компаниялар өздері атқарады. Экология департаменті ол жұмысқа бақылау нәтижесін жүргізеді.