Қытаймен шекарада мыңдаған вагон Қазақстанға өткізілмей тұр

Қытай тауарлар экспортына салған тыйымның мерзімін осы айдың соңына дейін ұзартты. Қазір шекарада елімізге жеткізілуі тиіс мыңдаған вагон жиналып қалды. Қытай жағында 3 мыңдай, ал Қазақстан жағында 7 мың вагон тұр. Ұлттық тасымалдаушы компанияның Бейжіңдегі өкілдігі осындай мәлімет келтіріп отыр.

Жүздеген миллион тенге мөлшерінде шығынға ұшыраған кәсіпкерлер дабыл қақты. Үш мыңға жуық вагон Қытайдан Қазақстан аумағына өте алмай тұр. Қытайлық өнімдермен қатар, арасында Жапония мен Оңтүстік Кореядан импортталатын тауарлар да бар. Ляньюньган қаласындағы Қазақстан мен Қытайдың бірлескен логистикалық база басшылығының мәліметінше, бұл теңіз тасымалы құнының өсуі мен Қытайдан Еуропаға жөнелтілетін контейнерлік пойыздарға сұраныстың артуына байланысты болып тұр.  

Ерік Әубәкіров, ҚР Ұлттық тасымалдаушы компанияның Қытайдағы өкілдігінің басшысы:

– Қытай үкіметі үшін қазір көліктің ең тұрақты түрі - теміржол. Сондықтан оған ауыртпалық түсіп отыр. Әуе тасымалы қымбат әрі көп жүк тие алмайсың, теңіз тасымалы қымбаттап кетті және ұзақ жүреді. Ал автокөлікпен тасымалды уақытша тоқтатқаны белгілі. Қытай жағынан Еуроодаққа контейнерлер жеткізуге сұраныс жоғары. Оған үкімет субсидия бөледі. Үлесіне бүкіл тасымалдың 90%-і тиіп тұр, ал Орталық Азияға тек 10%-і тасымалданады.

Ұлттық тасымалдаушы компания өкілінің мәлімдеуінше, Қытай тарапы тамыз айынан бастап өз аумағында тек жабық вагондардың өтуін тоқтатқан. Ал контейнерлерді Еуропа мен Орталық Азияға тасымалдауға шектеу жоқ. 

Ерік Әубәкіров, ҚР Ұлттық тасымалдаушы компанияның Қытайдағы өкілдігінің басшысы:

– Қазір біз жүкті екі бағдарға бөлеміз. Орталық Азияға Қорғас-Алтынкөл өткелі арқылы өткізіп отырмыз. Қазақстандық тауарлардың 80%-ін де осы станцияларға жібереміз. Достық-Алашанькоу арқылы негізінен Қытайдан Еуропаға қатынайтын пойыздар өтеді. Жолтабаны әртүрлі болғандықтан, қазақстандық жүкті түсіріп, қайта тиейді. Өз жағымызда да осылай істеуді көздеп отырмыз. Бұл бос вагондарды тиімді қолдануға мүмкіндік береді. 

Қос елдің теміржол компаниялары арасында электронды құжат алмасуды ендіру және өткелдерде инфрақұрылымды жетілдіру секілді техникалық жаңашылдықтар бұл мәселені шешуді үдетеді. Бірінші вице-премьер Әліхан Смаилов телефонмен қытайлық әріптесі Хань Чжэнмен хабарласып, осы мәселенін түйінін тарқатуда маңызды қадам жасады. Олар бүкіл салаларды қамтитын Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық комитетіне мүше. Алдағы айларда бл құзырлы органның мәжілісі өтіп, қос тарап шекарадағы жағдайды реттеу бойынша алғашқы қорытынды шығарады.

Авторы: Ботагөз Сырғабаева