Журналистер үшін Үкімет үйінің есігі ашылды

Журналистер үшін Үкімет үйінің есігі ашылды

Келер жылы елімізде коронавирусқа қарсы шетелдік вакциналар сатылуы мүмкін. Мұндай мәлімдемені бүгін үкіметте Денсаулық сақтау министрі жасады. Ол әзірге елде 3 түрлі екпе қолжетімді екенін айтты. Бұл тізімде «Казвак», «Спутник Ви» және «Синофарм» өнімдері бар. Үкіметте Жамбылдағы биологиялық қауіпсіздік институтының таяуда толық қуатта жұмыс істейтіні де белгілі болды. Сондай-ақ Ауғанстанға «Казвак» гуманитарлық көмек ретінде жеткізіледі.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Үкімет әдеттегі жұмыс тәртібіне көшті. Жиындар дәстүрлі, яғни жүзбе-жүз форматта ұйымдастырылатын болды. Журналистер де Үкімет үйіне оралды. Кейінгі 1 жарым жылда БАҚ өкілдеріне мұндай мүмкіндік берілмеген еді. Енді олардың жұмысы жеңілдеді. Министрлерден тікелей сұхбат алуға жол ашылды.

Тілшілер үшін Үкімет үйінің есігі ашылғаны сол еді, министрлерге сұрақтар қарша борады. Әсіресе Денсаулық сақтау саласының жетекшісіне оңай тимеді. Ол журналистерді алаңдатқан мәселелерге жарты сағатқа жуық уақыт жауап берді. Коронавируспен күрес, отандық вакцина өндірісі және басқа да екпелердің қолжетімділігі сұралды.

Министр Цойдың айтуынша, тамыз айында «Казвактың» алғашқы 30 мың дозасы шығарылды. Одан бері өндіріс тоқтамады. Препараттың клиникалық сынағы сәтті өтті. Дельта штамына қарсы қабілеті дәлелденді. 

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Үкіметтің жаңа қаулысына сәйкес, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі институт Денсаулық сақтау министрлігінің құзіретіне өтеді. Бұған дейін Білім саласына тиесілі болып келген. Енді біз отандық вакцина өндіру процесін өзіміз реттейтін боламыз. Зауыт алдағы уақытта коронавирусқа қарсы вакциналардың жыл сайын 60 млн дозасын өндіретін болады.

Қазақстандықтар үшін қазір бірнеше вакцина қолжетімді. Ел азаматтарына «Казвак», «Синофарм», «Спутник Ви» екпелері салынып жатыр. Соңғысы Ресейде жүкті әйелдерге қолданыла басталды. Біздің ел әзірге мұндай қадамға бармайды. Себебі босанатын әйелдердің денсаулығына қаншалықты әсер ететіні белгісіз. Осы екпелердің ішінде «Казвак» жақында Ауғанстанға да жіберілуі мүмкін. Президент тапсырмасы бойынша ауған халқына гуманитарлық көмек жөнелту шешімі қабылданды. Талибан үкіметі сол көмекті асыға күтіп отыр.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - сыртқы істер министрі:

- Халықаралық қауымдастықтың бәрі ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетуге шақырып отыр. Сол себепті Қазақстан 5 мың тонна ұн түрінде гуманитарлық көмек жіберу туралы шешім қабылдады. Әлбетте, бұл елмен сауда-экономикалық байланысты да нығайту керек. Қазір саяси келіссөздер туралы сөз қозғалып отырған жоқ. Ең алдымен, ауған халқына көмек көрсету мәселесі қаузалып отыр. Ауған тарапы гуманитарлық көмекті QazVac күйінде жеткізуді сұрады.

Келер жылы елде шетелдік вакциналарды сату жайы да қаралып отыр. Дистрибьюторлар осы мәселені қолға алмақ. Бір дозаның бағасы шамамен 2 мыңнан басталып 5 мың теңгеге дейін жетеді. Десекте екпе салу тегін түрде де жүргізіледі. Ол үшін елде вакцина қоры жеткілікті. Айта кетейік, қазір қазақстандықтардың 8,2 млны екпенің бірінші, ал 7,4 млны екі дозасын алды. Вакцина егу қарқыны бұрынғыдай емес, төмендеп қалды. Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары Нұр-Сұлтан қаласының әкімдері бұл мәселені жеке бақылауына алуы қажет.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Көрші елдерде жағдайдың қиын екенін көріп отырмыз. Сондықтан шекаралас өңірлердің әкімдері санитарлық-нормалардың сақталуын қатаң қамтамасыз етсін. Мониторингтік топтардың жұмысын жандандыру қажет. Мемлекеттік шекарада қауіпсіздік күшейтілсін.

Үкімет отырысында қаралған тағы бір мәселе - жұмыссыздық. Биыл 9 айда 1 млннан астам қазақстандық еңбекпен қамтылған. Жыл соңына дейін тағы 200 мың адам жұмысқа орналасады. Жоспарды толық орындау үшін Асқар Мамин кей өңірлердің тәжірибесін үздік деп бағалап, өзге аймақтарға үлгі етті.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Қазіргі кезде экономика қалыпқа келуде. Бұл шаралар жұмыссыздықты 4,9 процент деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Тұрақты жұмыс орындарын құру - өте маңызды мәселе. Биыл кемінде 440 мың жұмыс орны құрылуы тиіс. Атырау, Қостанай, Қарағанды облыстарында жақсы тәжірибе бар.

Елде 500 мыңға тарта адам әлі де болса жұмыссыз. Ресми статистикаға сүйенсек, бұл көрсеткіш жалпы көлемде 5 проценттен аспай тұр. Дегенмен, соның ішінде жастардың үлесі басым екені байқалады. Яғни жұмыссыздардың көбі жастар. Сондықтан үкімет оларды жаңа бизнес идеялар ұсынып, қайтарымсыз грант алуға шақырады.  

Рауан Мыңбаев, Ербол Дайыров