Қызылорда облысында салынған жаңа үйлер шын мұқтаждарға беріле ме?

Қызылорда облысының Қоғалыкөл ауылында 9 баланың анасы мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған арендалық тұрғын үйге қол жеткізе алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені оның жарты ғасыр бұрын салынған ескі үйі тұруға жарамды деп үй кезегінен алып тастаған.

9 баланың анасы Жанат Құлбаева 25 жылдан бері қуықтай үш бөлмеде тұрып келе жатыр екен. Іргетасы 50 жыл бұрын қаланған баспананың әбден тозығы жеткен. Жыл сайын әктеп, сылағанымен қабырғасы мүжіле беретін үйді бүгінде 11 жан паналап отырмыз дейді алтын алқа иегері. 

Жанат Құлбаева, Қоғалыкөл ауылының тұрғыны:

– Үйдің төбесінің бір жағын жамасақ, екінші жағы тесіліп жатыр. Бір бөлмеде келінім, балам, немерем үшеуі жатады. Мына жақта күйеуім екеуміз жатамыз, залда қалған балаларымның алтауы да жатады. Осы кезде үйімізге сыймай жатырмыз. 

Ауылдағы үйге мұқтаждардың тағы бірі – Емжар Маханов. Оның жұбайы да, өзі де мүгедек. 2018 жылы ескі үйлерінің төбесі опырылып, баспанасыз қалған. Қазір ауылдағы ескі медициналық бекеттің екі бөлмесінде тұрады.

Емжар Маханов, Қоғалыкөл ауылының тұрғыны:

– 2018 жылы кезекке тұрғызған, апаттық жағдайда үйі бар, осы ауылдан үй салынатын болса сізге береміз деп жиналыс жасады ауылдың әкімі. Комиссиясы бар, басқасы бар, сіздерге береміз деп 2-3 кісіні белгіледі. 

Биыл ауылға «Нұрлы жер» бағдарламасымен 3 тұрғын үй салынған. Бірақ Жанаттың да, Емжардың да отбасына бұл шаршы метрлер берілмейтін болыпты. Себебі...

Ержан Бақтияров, Сырдария аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– Бағдарлама бойынша аз қамтылған, көпбалалы отбасыларына арналған үй. Сондықтан басқа санаттарға беруге бүгінгі күнде мүмкіндік жоқ. Бес отбасы бүгінгі күнге тіркеліп тұр. Бесеуі де – аз қамтылған, көпбалалы отбасылар.

Дегенмен үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар арасында «Нұрлы жер» бағдарламасымен ауылдық жерде салынған арендалық үйді емес, «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы қаладан жеңіл пайызбен пәтер сатып алуды жоспарлап отырғандары да бар екен. Мұндай жағдайда тұрғын үйді өзге мұқтаж отбасыларға беру туралы ауылдың қоғамдық кеңесінің ұсынысы тұрғын үй комиссиясында қаралып, тиісті шешім қабылданады деді әкімдік өкілі.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов