Жамбыл облысында мердігер кесірінен су келтіру жұмыстары кешікті

Жамбыл облысындағы Жуалы ауданына қарасты Алатау ауылының тұрғындары да сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Себебі мемлекеттік бағдарламамен қолға алынған жоба аяқсыз қалған. Ең сорақысы, мердігердің шала жұмысы қабылданған. Жалпы ауданда су құбырын тарту жұмыстары мерзімінен кешігіп, соның салдарынан бірнеше елді мекен сусыз отыр.

- Біз қазір Алатау ауылындамыз. Апамыз қазір жолдың жиегінде. Күншуақта қыздырынып отыр екен.

- Апа, саламатсыз ба! Апа біз «Хабар 24» телеарнасынан едік. Ауылдарыңызда су барма?

- Су жоқ болып жатыр ғой ауылда. Қыстай істеп кетті деп еді. Сол жоқ үйлерде. Біресе шығады. Біресе шықпайды. Енді сол қысқа қарай қиын болайын деп тұр.

Алатау ауылы жоспар бойынша орталықтандырылған таза ауыз суға 2020 жылдың қараша айында қосылу керек болған. Қазір 2021 жылдың қазан айы, 70 түтіні бар елді мекенде су ақпай тұр. Тұрғындардың айтуынша, қазылған 150 метрлік құдықта су жоқ. Таулы аймақ болған соң ұңғыманың тереңдігі жеткіліксіз деп отыр.

«Ә дегенде мұнараны толтырып жұртқа су бергенсіп қосты да, үш күннен соң өшіріп тастады» дейді олар.

Керімбек Ысқақов, Алатау ауылының тұрғыны:

- Башняны толтырды 50 тонна. Сол 50 тоннаны жіберді да ана жердегі краникті жапты. Мынаны ашып қойып сенікін жауып алдап-алдап. 19 люк бар мына жерде. Сол люктарды кезек-кезек жауып, «су бар» деп алдап кетті ғой. Біз қол қоймай қойдық. Көрдіңіз ғой. Міне су жоқ. 

Мән-жайды анықтау үшін су шығатын ұңғыманың басына бардық. Жақында салынған нысанның қоршауы құлауға шақ тұр. Есігінде құлып. Күзетші жоқ. Тұрғындарға айтып, қарауылды тауып, нысанға кірдік. Расында да шикі тірлік көзге ұрып тұр. Стратегиялық нысанның ішінде мал жайылып жүр. Ашық-ашық жатқан құдық. Оратылған сымтемір.

Алтынбек Мамытқұлов, Алатау ауылының тұрғыны:

- Электр тоқ келеді. Мынаның бәрі ашық-ашық жатыр. Көрдің ба? Мына жағын қара, мына жағын қара. Ертең жаңбыр жауады. Қар жауады. Мына көзбояушылық, алдау. Ананы қара. Ананы да түсір. Мынау Керімбек жақты түсір. Қараш барлығын. Әшейін немқұрайлы тірлік мынау. Алдын алады. Істеуін істейді. Халықты алдаудың амалы. Осының бәрін жөндеп істесе болады ғой. 

Расында мұнарадан ағып тұрған суды көрмедік. Мән-жайды тапсырыс беруші аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысынан сұрап ек, құдықта су бар деп алдына жан салмады. Айтуынша, су сорғы насос екі күн бұрын бұзылып, Ақтөбе қаласына тапсырыс берілген көрінеді. Ал судың бір жыл бойы берілмей келгендігін тұрғындардың өздерінен көріп отыр.

Ерболат Сейітбеков, Жуалы аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Ол таза су ішетіндей бар ғой. Олар әлі суларын үйге кіргізген де жоқ. Тұрғындар суды пайдаланып жатқан жоқ қой. Үйіне су шлангімен келіп тұр. Істелген жұмыс толық талапқа сай ма? Талапқа сай! Толық сай. Барлық жұмыстары бітіп. Юстициямен құжаттары заңдастырылып оперативтік управлениемен «Жуалы суға» берілген.

Ал «Жуалы су» мекемесі жобаны бір жыл бойы қабылдамай жүрдік» деп отыр. Өйткені мердігердің сапасыз істеген жұмысын өз жауапкершілігіне алғысы келмеген. Жүрдім-бардым істелген тірліктің кем-кетігін әлі күнге дейін бүтіндеумен әлекпіз дейді. Бүгінгі күнге дейін мекеме 3 миллионнан астам теңгеге шығындалған.

Қуанышбек Болысбаев, «Жуалы су» мекемесінің басшысы:

- Сіздер қабылдап алғанда жағдай қандай еді? Плачевный еді. Өте жаман жағдай. Айтып отырмын ғой, қанша ақша жіберіп жатырмыз. Қанша крышкасын қойдық. Қанша винтель қойдық. Насостар ауыстырдық. Оны қоямыз. Башня тесік болды. Оны дәнекерлеп, оны жөндедік. Оған кран жалдадық.

Жауаптылардың салғырттығы бүтін бір ауылды ауыз сусыз қалдырды. Қазір жұрт таудан келетін бұлақ суын тұтынуға мәжбүр.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә