Қазақстандық гемоконтейнерлер экспортқа шығуы мүмкін

Елордада «Астана Денсаулық 2021» көрмесі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда медициналық бұйымдар мен диагностикалық аппараттар көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге келушілер тегін ултрадыбыстық зерттеуден өтіп, ауруханалардағы аппараттардың қалай жұмыс істейтінін көре алады.

Бұл жерде диагностикалық аппараттардан бастап, антисептиктерге дейін бәрі бар. 6 елден келген 100 компания өз бұйымдарын көрмеге қойған. Халықаралық жиында отандық өндірушілер де баршылық. Солардың бірі – ЕIRA MED компаниясы. Кәсіпорын қан және оның компоненттеріне арналған медициналық бұйымдарды шығарады.

Марат Әбдіқалиев, EIRA MED бас директоры:

– Біздің мекеме әлемдегі ең сапасы жоғары технологияларды бір жерде біріктіріп, қазір Қазақстанның қан қызмет орталықтары түгел тек қана біздің өнімді қолданып жатыр.

Заманауи фармацевтикалық кешен елорададағы арнайы экономикалық аймақта орналасқан. Өндіріс орны жылына 200 мың медициналық бұйым шығарады. Бұл «отандық нарықты толықтай қамтуға жеткілікті» дейді зауыт өкілдері. Бірақ шикізат шетелден алынады. Пленка Нидерландтан, сүзгілер Франциядан, ал қан құюға қажет инелер Кореядан алынады.

Марат Әбдіқалиев, EIRA MED бас директоры:

– Мемлекеттік саясатта көрсетілген векторды пайдалана отырып, осындай үлкен зауытты аштық. Бізде 150-ден астам адам жұмыс істеп жатыр. Жылына 200 мың дана продукция шығарып жатырмыз.

Зауыт шығаратын бұйымдарын еліміздегі барлық ірі медициналық орталықтарда пайдаланады. Жақын арада кәсіпорын өз өнімдерін шетелдік нарыққа да шығуы мүмкін. 

Ғазиза Мұхамеджанова, Аят Дүйсенбаев