Елордада «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Елордада «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Дәстүрлі байқау биыл алтыншы рет ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салтанатты шара кезінде еңбек ардагерлері де сый-құрметке бөленді. Ал байқау қорытындысы бойынша машинақұрастыру саласында еңбек ететін Белогорцевтер әулеті «Үздік еңбек әулеті» аталымында жеңімпаз атанды. Ақтөбе өңірінен келген Жамановтар әулеті екінші, ал Қарағанды облысының Куриновтар әулеті үшінші орынға ие болды. Жастарға қолдау көрсететін үздік тәлімгер ретінде Юсиф Кулиев, Наталья Акиншина және Светлана Габдушева танылды. Әділбек Әшімов пен Ілияс Сүйерқұл өндірістің үздік жас қызметкері аталымында екінші және үшінші орынды жеңіп алса, Батысқазақстандық электромонтёр Рафхат Аяпов аталымның бас жүлдесін иеленді.

Рафхат Аяпов, «Еңбек жолы» байқауының жеңімпазы:

– Жұмысым қиын деп айтсам болады. Тоқтың айналасы, электр мамандығы. Сондықтан қателесуге болмайды. Қиындық әр мамандықта болады. Бірақ біздің қиындық көбіне қыс мезгілінде. Мысалы, жарық сөніп, үзіліп қалады. Сол кезде қиын. Былай өз мамандығыңды сүйіп істесең, қай мамандық та жеңіл ғой.

Серік Шәпкенов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Елбасы, Тұңғыш Президенттің бағдарламасы шыққан кезден бастап, жалпыға ортақ еңбек қоғамына атты форумды жыл сайын ұйымдастырып келеміз. Былтыр пандемияға байланысты өткен жоқ. Биыл санитарлық талаптарды қатаң сақтай отыра, дәстүрлі шараны қайта қолға алдық.