Түркістандық шаруалар қызанаққа түскен қауіпті вируспен күресе алмай жатыр

Түркістандық шаруалар қызанаққа түскен қауіпті вируспен күресе алмай жатыр

Түркістан облысындағы Келес ауданында қызанаққа вирус түсіп, өнімді жойып жіберген. Салдарынан жылыжайда жыл он екі ай еңбек еткен шаруалар шығынға батты. Вирустың таралуы әлі өршіп тұр. Амалы таусылған жұрт қурап кеткен көкөніс алқабына мал жаюға мәжбүр. 

Осыдан бір-екі ай бұрын жайқалып тұрған қызанақ дәл өнім берер кезде қурап кетті. Сарғайған алқапта солып қалған өнім мен шұрық-тесік жапырақтары ғана жатыр. Жиырма жылдық тәжірибесінде мұндайды көрмеген Нұржан Омаров химиялық дәрі-дәрмек көмектеспеді деп отыр.

Нұржан Омаров, шаруа қожалығының жетекшісі:

– 80-100 тонна өнім алып отырғанбыз. Қазіргі өнімді көріп отырсыздар, 10 пайыз да өнім шықпайды. Мұны базарға апаруға мүлдем болмайды. Бұл карантиндік обьект. 100 пайыз жеп қойған.

Зиянкес қолданып жүрген дәрілерге бой бермейді. Қызанақтың бұл күйесі жылдам көбейіп, тұқымын тез жаяды. Жапырақты көктей солдырып, сабағын қуратады. Жемісті жарамсыз күйге түсіреді.

Ал Жамал Абдуллаевтың жылыжайында қазір мал жайылып жүр. Себебі 7 гектарға егілген қызанақты зиянкестен қорғап қала алмады. Шарасыздықтан бәрін тамырымен жұлып алып тастады.

Жамал Абдуллаев, шаруа:

– Таза тақырға отырғанымыз осы болатын шығар. Жұмысшыларға берілген қаншама еңбекақы, дәрі-дәрмекке кеткен шығындар бар. Былайша айтқанда, қиын жағдайда қалдық.

 «Туто абсолюто» деп аталатын қызанақ күйесінің Келестегі егістік алқаптарына ауыз салғанына 3-4 жылға жуықтапты. Оған қарсы күресуге дәрменсіз шаруалар бұл мәселеген ғалымдар араласса деген өтініш айтты. Ғылыми зерттеу институттарын жұмылдырып, биологиялық күрестің жаңа тәсілдерін табу керек дейді. Себебі жергілікті биліктен қолдау жоқ. Олар «өз жеріңді өзің қорға» деген уәж айтады. 

Айбай Жаңбырбаев, Келес ауданы әкімінің орынбасары:

– Зиянкестер айналысатын, шығатын жерлердің барлығы ұзақ мерзімге жалға алынған. Азаматтардың өздері ізденіп, өз тарапынан жүргізуі керек. Ауданның барлық жерінде осы проблема бар.

Қазір Келес ауданында дәл осындай 72 гектарға жуық жылыжай алқабы бар. Одан былтыр 7 мың тоннадан астам көкөніс жиналған. Биыл оның дені зиянкеске жем, алынатын өнім кем болайын деп тұр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов