Ақтөбеде көгілдір отын тапшы

Elana.kz

Ақтөбедегі жаңа өндіріс орындары көгілдір отын желісіне қосыла алмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Газ тасымалдаушы мекеме тек жаңадан бой түзеген жеке меншік үйлер мен көп қабатты баспаналарды ғана қамтамасыз етуге қауқарлымыз дейді. Салдарынан индустриалдық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру тұралап қалуы ықтимал. Бұл саладағы монополист компания қалыптасқан жайтты көгілдір отын тапшылығымен түсіндіріп отыр. Ақтөбе облысын айтпағанда, айына шамамен 9 мың текше метр кірпішті Түркістанға жөнелтетін бұл зауыт жақын уақытта өнім көлемін әлдеқайда азайтуы мүмкін.

Өндіріс орны өкілдерінің айтуынша, шикізат әзірлейтін мекемеге де, зауыттың өзіне де тауарлық көгілдір отынды шектен тыс тұтынғаны үшін ескерту жасалып, шығын өтелген. Мұндай жағдай тағы бір мәрте қайталанса, газ тасымалдаушы мекеме шектеу қойып, тіпті орталық желіден ажыратуға да құқылы.

Александр Вавилов, зауыт директоры:

– Бұл жағдай дайын тауар көлемінің азаюына тікелей әсер етеді. Нәтижесінде Ақтөбе облысы мен Атырау және Түркістан облыстарының сұранысын қамтамасыз ете алмай қаламыз. Құрылыс тоқтап, тұрғын үй бағасының өсуіне тікелей әсер етеді.

«ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы Ақтөбе өндірістік филиалының өкілі көгілдір отынға шектеу қоюға мәжбүрміз дейді. Себебі өңірді қамтамасыз ететін «Бұқара – Орал», «Жаңажол – Ақтөбе» құбырлары тұтынушыларды толықтай қамтуға қауқарсыз. Бірі 1988 жылдан бері қолданыста болса, екіншісі тіпті жарты ғасырдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Абоненттер саны өскенімен, магистральдік желілердің қуаты өзгермеген.

Данияр Әлжанов, «Қазтрансгазаймақ» АҚ АӨФ директорының орынбасары:

– 530 мм газ құбырын өткізу мүмкіндігі жылына 1 млрд текше метр шамасында. Бірақ қазіргі таңда Ақтөбе газ тарату құбыры арқылы жылына 1 млрд 28 млн текше метр газ өтеді. Яғни шекті мүмкіндіктен асып отыр. Одан артық өсірсе, газ тасымалдау және газ тарату желілерінде апат болуы мүмкін.

– Тасымалдаушы мекеме өңірдегі бірқатар кәсіпорынға шектеу болатындығы туралы ескерту беріпті. Әсіресе қыс мезгілінде энергия көзін тұтыну күрт өсетіні белгілі. Сондықтан бірінші кезекте қазіргі абоненттерді қамтамасыз ету көзделіп отыр. Ал алдағы уақытта жаңа магистральдік құбыр салу жоспарланған.

Оңдасын Оразалин, облыс әкімі:

– Қазір жаңа магистральдік желінің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Көктемге дейін әзір болуы тиіс. Құны шамамен 40 миллиард теңге болады деп күтіліп отыр. Сондықтан республикалық бюджетке тапсырыс береміз. Экономиканың өсуіне орай электр энергиясы мен газды тұтыну артатындығы белгілі. Сондықтан бұл мәселені біз назарда ұстап, шешу жолын қарастырып жатырмыз.

Мұнай мен газ өндірілетін Ақтөбе өңірінде қалыптасқан мұндай жағдайға кәсіпкерлер аң-таң. Дегенмен көгілдір отынды барынша үнемдеуге әзірміз дейді. Себебі үшінші магистральді құбыр құрылысының қашан басталатыны белгісіз.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков