«Qazaq. Алтын адамның тарихы» деректі фильмінің премьерасы Лос-Анджелесте өтті

«Qazaq. Алтын адамның тарихы» деректі фильмінің премьерасы бұған дейін Қытай және Еупропа елдерінде көрсетілген еді. Енді толық метражды картина американдық көрерменге жол тартты. Өйткені еліміздің қалыптасуы және дамуы туралы түсірілген туынды қарашаның 1 мен 11 аралығындағы халықаралық кинофестивальге қатысуда.

Талғат Алманов, тілші:

- Бұл күндері Лос-Анджелесте «Asian World» кинофестивалінің апталығы жалғасуда. Дәстүрлі шара осымен 7-рет өтіп жатыр. Әйгілі Голливуд пен Азия киноөндірісінің дәнекеріне айналған фестивальге үздік 50 картина шығарылды. Биылғы шараның бір ерекшелігі белгілі режиссер әрі продюсер Оливер Стоунның Қазақстан туралы түсірген документалды фильмі фестивальдің үздік картинасы ретінде мойындалды.

Документалды фильмнің американдық премьерасына жиналған көрерменнің қарасы көп. Халықаралық дәрежедегі кинемотографистер, БАҚ өкілдері, киносыншылар мен Голливуд жұлдыздары…. Барлығы қазақ елі туралы сыр шертетін әлемдік туындыны көруге асық. 

«Қазақ. Алтын адамның тарихы» атты документалды фильм Қазақстанның қалыптасу және даму тарихын баяндайды. Белгілі продюсер әрі режиссер Оливер Стоун Елбасы Н.Назарбаевтан сұхбат алу арқылы көрерменге оқиға желісін баяндайды. Кеңес Үкіметінің күйреуі, тәуелсіз мемлекеттің алғашқы қадамдары және әлемдік геосаясат туралы жан-жақты тақырыптар қамтылады. Шынайы сұхбат, бүкпесіз әңгіме құруға қол жеткізу оңай болмады дейді картина режиссері.

Игорь Лопатенок, картинаның режиссері:

- Саяси және геосаяси тақырыптарда әңгіме қозғап, өзекті тақырыптарды талқылау барысында көрерменнің назарын жоғалтып алмай ұстап тұру өте қиын шаруа. Біздің картинамыз сол назарды ұстап тұратын фильмдердің бірі. Бұл сөзсіз Елбасының жоғары шеберлігінің арқасында деп айтсам артық болмайды. Өйткені Н.Назарбаев өте керемет әңгімеші. Ол шынайы адам, және жауаптары да шынайы болды.  Сонымен қатар Оливер Стоунның жоғары деңгейдегі сұхбат алушы екендігін де атап өткім келеді.

Режиссердің айтуынша, «Қазақ. Алтын адам тарихы» туындысы оның қоржынындағы ең үздік картина. Бұл жобаның «Asian World» кинофестивалінде үздік туынды аталуы соның бір дәлелі. Дей тұрғанмен, кез келген режиссер үшін басты марапат көрерменің ықыласы дейді ол.

Мадияр Әшкеев, кәсіби боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

- Өзім үшін бір түйген нәрсе – ол Елбасының өсіңдер, өніңдер, дамыңдар деген сөздері. Біз елді осындай деңгейге жеткіздік ендігі кезек жастардың қолында деді. Ол жастар үшін өте маңызды. Мен өзім спорт саласында жүрсем де Елбасымыз сияқты елімізді дамыту керек екендігін түйдім өз басым.

Көрсетілімге қатысқандарды картинаның музыкасы ерекше тәнті еткен. Толық метражды туындыны әуенмен әрлеген белгілі италиялық композитор Карло Силиотта.

Маэстроның айтуынша, қазақ халқының тарихи мұраға айналған ұлттық аспаптарының үнін әлем жиі естуге тиіс. Өйткені оған жетер дыбыс жоқ дейді ол.

Карло Силиотто, композитор:

- Мен қазақ халқының ұлттық аспаптарына таңқаламын. Сіздердің мәдениеттеріңіз мені тәнті етті. Домбыра, қобыз, қыл қобыз… олардың дыбысы бірде бір аспапқа ұқсамайды. Мен бұл аспаптардан құралған оркестрді алғаш рет естігенімде бұл үнді  қатты ұнатып қалдым және ешқашан ұмытқан емеспін. Осы фильмде жұмыс барысында қазақтың музыкалық аспаптарының үнін барша әлемге жеткізгім келді. Шетелдіктер естісе екен деп ойладым. 

Екі жылға жуық түсіріліген документалды фильмнің премьерасы бұған дейін Қытай және Еуропа елдерінде көрсетіліп, шетелдік көрерменнің ықыласына бөленген еді.

Картина режиссерінің айтуынша, толық метражды фильм қалың көрермен қауымға алдағы уақытта 8 бөлімнен тұратын телевизиялық форматта да ұсынылады.

Талғат Алманов