Семейлік жастар ұлттық нақыштағы компьютерлік ойын ойлап тапты

Компьютерлік ойын арқылы табыс табуға болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл қазақстандық өнім әрі ұлттық нақышта жасалған. Онлайн кеңістікке енгендер қамшы ұстап, тұлпар тізгіндейді. Өзге елде баламасы жоқ жаңа ойынның атауы да ерекше. «Табыс табу» деп аталады.

Ұлттық нақыштағы виртуалды ойынның авторы - семейлік жастар. Кейінгі жарты жылда осы іспен айналысып келеді. Компьютерлік ойын - ұялы телефонға жүктеледі. «Counter Strike» немесе «PUBG» сынды ойындарға балама. Интерфейсі мемлекеттік тілде. 

Дамир Қаражігітов, ойынның авторы:

– Корольдік жекпе-жекте түрлі көлік құралы бар. Бір нүктеден екіншісіне жету үшін қолданылады. Осы қозғалыс құралы үшін атты енгіздік. Солай дұрыс болады.

Бұл виртуалды ойынды ерекше ететін табыс табу мүмкіндігі бар. Қолданушы жеңіске жетсе, бонус алады. Ойынның атауы да ерекше. «Табыс табу» деген мағынаны білдіреді.

Руслан Сәрсекенов, ойынның авторы:

– Әлемде осындай табыс табуға болатын виртуалды ойын жоқ. Бірақ крипвалюта берілетін онлайн кеңістіктер бар. Сосын браузерлер де жеткілікті. Біз де осы жоба арқылы табыс табуға жол ашамыз.

Ойынның алдағы уақытта қаншалықты танымал болатыны белгісіз. Бірақ, семейліктер жобаның сәтті шығатынына сенімді.Бірнеше күннің ішінде оны 300-дей адам ұялы телефонына жүктеп үлгерген.    

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Асхат Ниязов, Нұрғали Мамурбаев