434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қазақстан үкіметінің бұйрығымен электр қуаты толық өшіріледі – жалған

  • 70
  • UPD: 17:16, 10.11.2021
Қазақстан үкіметінің бұйрығымен электр қуаты толық өшіріледі – жалған

Танымал қазақстандық Telegram-чаттардың қатысушылары Ақмола облысының Астрахан ауданында электр қуаты өшірілгені жайлы жазды. Пайдаланушылардың айтуынша, бұл «Нұр-Сұлтаннан берілген нұсқау бойынша» жасалған. Бұл жалған.

Ақмола облысының әкімдігі электр қуатының өшірілуіне қатысты жағдайға түсінік берді. Елордадан берілген тұрғындарды себепсіз жарықсыз қалдыру туралы бұйрық жайлы қауесет жоққа шығарылды.

– «АЭҮК» АҚ ақпаратына сәйкес, Екібастұз МАЭС-1 және Екібастұз МАЭС-2 (энергия блоктарының істен шығуы) болған авариялық жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Бірыңғай энергетикалық жүйесінде авариялық бұзушылықтар кезінде шектеулерді шұғыл енгізудің бекітілген кестелері бойынша, тұтынылатын қуатқа шектеулер енгізілді. Энергиямен жабдықтауды шектеу кезең-кезеңмен алынып тасталды,-деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, өңір әкімдігінің хабарлауынша, апат салдарынан Көкшетау, Щучинск, Степногорск және Ақмола облысы аудандарының тұрмыстық сектор нысандарында электр қуаты өшірілді.

Қорыта айтқанда, электр қуаты үкіметтің қастандығының нәтижесінде емес, екі электр станциясының істен шығуына байланысты ажыратылды. Қазір энергиямен жабдықтау бойынша шектеулер алынып тасталды. Елімізде электр энергиясын жаппай өшіру болады деуге ешқандай негіз жоқ.

Хабар 24 телеарнасы