«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 40 сәби дүниеге келді

«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 40 сәби дүниеге келді
Егемен Қазақстан

Қазақстанда «Аңсаған сәби» бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда. Есепке 2 мыңға жуық жүкті әйел тұрды, 40 бала дүниеге келді. Жалпы ЭКҰ рәсімі 6 мың әйелге өткізілді, 740 рәсім басталды.

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ана мен бала денсаулығын қорғау Департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова хабарлады.

ҚР ДСМ мәліметінше, «Салауатты ұлт» атты «Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында ЭКҰ-ға жыл сайын 2025 жылға дейін 7 000 квота бөлінетін болады, деп толықтырды Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті басшысы.

«Бізде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде ЭКҰ-ға дайындалған пациенттердің барынша көп санын жыл сайын қамтамасыз ету мүмкіндігі болады», - деп хабарлады Мағрипа Ембергенова.

Айта кету керек, Қазақстанда 1995 жылдан бастап 85 000-ға жуық ерлі-зайыптылар қосалқы репродуктивтік технологиялар әдістерімен емделді. Қазіргі уақытта «пробиркадан» 25 000-нан астам бала дүниеге келді, елде 27 in vitro ұрықтандыру орталығы жұмыс істейді. 19-ынан 16-сы жеке меншік, 3-уі мемлекеттік.

ҚР-да ЭКҰ бағдарламасы 2010 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) енгізілген. 10 жыл ішінде ТМККК және МӘМС шеңберінде 9 мыңға жуық ЭКҰ бағдарламасы қаржыландырылды, 3 000 бала дүниеге келді. Бүгінгі күні бедеулікпен есепте 14 мың әйел және 117 ер адам тұр.

Қазақстанда ЭКҰ жүргізу тиімділігі орта есеппен 15%-тен 42%-ке дейін өсті. Бала туу фактісі бойынша емдеу тиімділігінің көрсеткіші (take baby home) 32% деңгейінде, бұл ең жақсы еуропалық клиникалардың көрсеткішіне сәйкес келеді.