Ақтөбе облысында мектептерге мұғалім жетіспей жатыр

Ақтөбе облысындағы кейбір мектептерге мұғалім жетпейді. 

Қазірдің өзінде, бастауыш сынып пен бірнеше пән бойынша сабақ беретін 51 маман қажет. Мәселенің шешімін табу үшін жыл сайын жергілікті бюджет есебінен жүздеген грант бөлінеді. Алайда бұл мәселе әлі де өзекті болып отыр. Сол себепті зейнет жасына жеткен тәжірибелі мұғалімдермен келісім-шарт жасау үрдісі жалғасып келеді. Бүгінде өңірдегі білім ұяларында егде жастағы 40-тан астам педагог жұмыс істеп жатыр.

Гүлнар Төлеуованың зейнеткерлік шықса да, ұстаздық қызметін жалғастырып жатқанына төрт жылдан асты. Себебі, өзі секілді математика пәнінен сабақ беретін басқа маман табылмай тұр. Сондықтан да талапқа сай уақытылы біліктілік курстарынан өтіп келеді. 40 жылдық еңбек өтілі бар мұғалімді мектеп әкімшілігінің де жібергісі жоқ. Өйткені, талай үздіктерді дайындап, білім ұясының беделін арттыруға қосқан үлесі де зор.

Гүлнар Тамуова, математика пәнінің мұғалімі:

– Мен өзім 1981 жылы педагогикалық институтты тәмамдап, осы мектепте алғашқы еңбек жолымды бастадым. Кейін қайта жоғарғы оқу орнына ауыстым. Сонда зейнет жасына дейін қызмет етіп, осында келісімшарт аясында еңбек етіп жатырмын. Себебі білім саласында маман тапшылығы мәселесінің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Алдағы уақытта бұл сұрақ шешіледі деп сенемін.

Тәжірибелі ұстаз қызмет ететін № 3 орта мектепте зейнеткерлік жастағы төрт педагог дәріс беріп жүр. Олармен арадағы келісім шарт биыл төртінші жыл қатарынан созылған. Бұдан өзге, бастауыш сыныптарға сабақ беретін 9 мұғалім қажет. Бос орынның пайда болғанына біраз болса да, әзір ешкім келіп жатқан жоқ.

Шолпан Өмірзақова, №3 орта мектептің директоры:

– Жас мамандар практикаға келеді де, сосын колледж бітіргесін «университетке түсеміз» деп кетіп қалады. Немесе университеттен келеді де, магистратураға барамыз деп кетеді. Сосын бізге келмейді.

Жалпылай алғанда облыстағы мектептерге қазір 50-ден астам мұғалім жетіспейді. Негізінен орыс тілі және әдебиеті пәні мен төменгі кластардың оқытушылары тапшы. Сондықтан да бірқатар білім ұяларындағы аталмыш пән мұғалімдерінің жүктемесі едәуір артқан. Тіпті, кейбірінің дәріс берудегі апталық сағат көрсеткіші отызға дейін жетеді. Ал мамандардың айтуынша, бұл жағдай әлі бірер жыл сақталуы мүмкін. Себебі қажетті педагогтарды дайындайтын оқу орындары үшін әлі уақыт қажет. Білім саласындағы кадр тапшылығын жою үшін жергілікті колледждердің бірі екі тілде сабақ беретін мамандар даярлауды қолға алған.

Ербатыр Қалышев, колледж директорының орынбасары:

– Бастауыш сынып мұғалімі деген біліктілік бойынша мамандығымыз бар. Екі тілді маман ретінде оқытып шығару үшін біз қосымша факультатив ашып отырмыз. Яғни, ол екі жыл факультативте оқиды және де қазақ тілді маман иесі болса да, екі жылдан кейін бізден түлек болып бітіріп шыққаннан кейін екі тілде де сабақ беруге мүмкіншілігі болады.

Облыстық білім басқармасының өкілдері бұл мәселенің сапалы шешілетініне сенімді. Себебі, өңір басшылығы да қолдау көрсетуді тұрақты жолға қойған. Тіпті, қажетті мамандар үшін қазынадан қаржы да қарастырылыпты.

Жолдас Батырхан, облыстық Білім басқармасының басшысы:

– Өңірдегі тапшы маман салаларға жергілікті гранттар бөлініп отыр. қазіргі таңда 300-ге жуық маман осы Ақтөбе облысының бюджеті есебінен гранттық негізде тегін білім алып жатыр. Олардың да алғашқы легі яғни, алдағы жылдары бітіріп келеді. Жергілікті өзіміздің Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті бар. Бұл таза педагог мамандардың қара шаңырағы болып табылады. Олардың да алдағы жылдары білім алып жатырған, бітіретін түлектерінің есебін санап отырмыз.

Айта кетейік, қазір облыста 600-ге жуық білім мекемесі бар. Жыл соңына дейін тағы да 13 жаңа мектепті пайдалануға беру көзделіп отыр. Сондықтан да мамандар мәселесі маңыздылығын жоймақ емес.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев