Нұр-Сұлтанда электр энергиясын беру және бөлу тарифі арзандайды

Нұр-Сұлтанда электр энергиясын беру және бөлу тарифі арзандайды

Нұр-Сұлтанда электр энергиясын беру және бөлу тарифі төмендетілді және «Астана – АЭК» АҚ-на айыппұл салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті «Астана – Аймақтық Электржелілдік Компаниясы» АҚ-ның 2016-2020 жылдарға бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуына жүргізілген талдау нәтижелері бойынша, субъектінің «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабының 2-тармағының 16) тармақшасының, атап айтқанда 2016-2020 жылдарға бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы жөніндегі талаптарын сақтамауын анықтады.

Нәтижесінде, «Астана – Аймақтық Электржелілдік Компаниясы» АҚ-ы 484 137 980 теңге көлемінде негізсіз кіріс алды.

Осыған байланысты, Департамент тұтынушылардың құқықтарын қалпына келтіру мақсатында, табиғи монополиялар туралы заңнамаға сәйкес уақытша өтемдік тариф енгізу арқылы негізсіз алынған кірісті қайтару бөлігінде шаралар қабылдады. Осылайша Департамент 2021 жылғы 1 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілумен, «Астана – Аймақтық Электржелілдік Компаниясы» АҚ-ның электр энергиясын беру және бөлу қызметіне уақытша өтемдік тарифтерді енгізді.

2021 жылдың 1 желтоқсанынан бастап 31 желтоқсанға дейін электр энергиясын беру және бөлу қызметіне арналған тарифті қолданыстағы тарифтен 0,14 теңгеге немесе 3,42% – ға төмендете отырып, ҚҚС-сыз 1 кВтч үшін 4,09 теңге құрады (бұрын қолданыстағы тарифі- ҚҚС-сыз 1 кВтч үшін 4,23 теңге). 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 қарашаға дейін электр энергиясын беру және бөлу қызметіне арналған тарифті қолданыстағы тарифтен 0,14 теңгеге немесе 3,1% – ға төмендете отырып, ҚҚС-сыз 1 кВтч үшін 4,49 теңге құрады (бұрын қолданыстағы тарифі- ҚҚС-сыз 1 кВтч үшін 4,63 теңге). Департамент табиғи монополиялар субъектілерінің табиғи монополиялар туралы заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізеді.

Сонымен қатар «Астана – Аймақтық Электржелілдік Компаниясы» АҚ-на «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 164-бабының 4-бөлігі бойынша 2 333 600 теңге айыппұл салына отырып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оны субъект қысқартылған өндірісте 7 тәулік ішінде 50% мөлшерінде төледі.