Дүйсенбіден бастап Pfizer екпесі балаларға салынады

Елордада алдағы дүйсенбіден 12 мен 17 жас аралығындағы балаларды коронавирусқа қарсы Pfizer екпесімен егу басталады.

Ол үшін ата-анасының біреуі жазбаша түрде рұқсатын берсе жеткілікті. Ал егу шарасы ата-ананың қалауына сай мектепте не емханада жасалады.

Айта кетейік, кеше Нұр-Сұлтанға америкалық Pfizer екпесінің 35 мың 100 дозасы жеткізілді. Арнаулы мұздатқышта сақтаулы тұрған вакцина сұраныс көлеміне сай егу пунктеріне жолданып отырады. Ал ары қарай дәрігерлер оны 1 ай ішінде қолданып үлгеруі тиіс. Екі дозадан тұратын екпені салу мерзімі – 21 күн. Бір мезетте 6 адамды егуге болады.

Айжан Амангелдиева, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы:

– Дәрігерге барған жағдайда егер балада созылмалы аурулардың асқынуы болса, дене қызуы көтерілсе немесе басқа да симптомдар болған жағдайда қарсы көрсетілімдерге кіргізіледі. Cонымен қатар осы вакцинаның құрамына кіретін компоненттерге аллергиясы бар болған жағдайда қарсы көрсетілім болып саналады. 

Pfizer екпесінің алғашқы партиясын балалармен бірге жүкті және бала емізетін әйелдерде ала алады. Қазір бұл санатқа кіретіндер саны елордада 33 мыңнан асқан.

Әйгерім Лебаева, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ана мен босандыру бөлімінің басшысы:

– Жүкті әйелдер Pfizer вакцинасын 16 аптадан 37 аптаға дейін салдырады алады. Сонымен қатар емізетін әйелдер босанғаннан кейін 42 күннен кейін ала алады. Бұл вакцина зерттелген. Сонымен қатар шетелдерде жүкті аналар мен балаларға салынып жатыр. Бұл вакцина тірі емес, сол себепті сүт арқылы берілуі немесе бала жолдасы арқылы берілуі мүмкін емес.