Astana Club халықаралық ықпалды алаңға айналды

Бүгін елордада «Астана клаб» халықаралық пікірталас алаңының алтыншы кездесуі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үш күнге жалғасатын жиында халықаралық сарапшылар жаһандық проблемаларды талқыға салады. Жиынға әлемнің 50-ден астам беделді спикері қатысып жатыр. Олардың қатарында бұрынғы мемлекет және үкімет басшылары, зерттеу орталықтары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері бар. Грузия Парламентінің экс-төрағасы Нино Бурджанадзе «екі ел пандемияның салдарын жаңа жобалардың күшімен бірлесіп шешуі керек»,- дейді.

Әрі Қазақстандағы вакцианлау қарқынын көпке үлгі етті. Ал БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы орынбасары Ангела Кейн әлемге төнген жеті қауіпті атаса, соның бірі – АҚШ пен Ресей арасындағы текетірестің күшеюі деген пікірін білдірді. Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті Қазақстан әлем бейбітшілігі үшін батыл қадамдар жасады деген ойда.

Джонатан Гранофф, Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті:

– Қазақстан – көптеген дін мен ұлт өкілдері бейбіт өмір сүретін, бірнеше тіл еркін қолданылатын және ешқандай ұлтаралық жанжал жоқ ел. Осы арқылы сіздер әлемге үлгі бола аласыздар. Тіпті сіздерде осынау алуантүрлілікке арналған мереке де бар. Осы тұрғыда Қазақстан бізге үлгі бола алады. Мұнан бөлек, Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқанын білеміз. Сіздерде 1,4 мың ядролық оқтұмсық болды. Әлемде ядролық оқтұмсықтардың саны 65 мыңнан 14 мыңға қысқарды. Бұл да жетістік әрі осыған ұмтыла беруіміз керек.