Huawei жастарға жаңа технологияны меңгертеді

Huawei компаниясы студенттерге жаңа технологияларды үйретуді көздейді.

Осы бағытта 2008 жылдан бері «Seeds for the Future» бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Қазіргі уақытта бұл жаһандық жобаға айналған. Ал Қазақстанда бағдарлама жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп орындалады. Компания биылғы оқыту үрдісін бастады. Оған 40-тан астам студент қатысып жатыр.

Ақпараттық коммуникация, 4G мен 5G технологиясы, жасанды интеллект, мәліметтерді өңдеу, киберқауіпсіздік. Seeds for the Future бағдарламасы осы бағыттағы жаңа шешімдерді оқытады. 12 жылда оған әлемнің 77 елінен 20 мыңнан астам адам қатысқан. Қазақстанда бұл жоба 2018 жылы енгізілген.

Айман Сахова, Huawei Technologies Kazakhstan компаниясының pr-менеджері:

–2021 жылы келіп түскен 100 шақты ұсыныстың арасынан 43 ең үздік, жақсы деген студентті таңдап алдық. Биыл да бір аптаның көлемінде айтылған технологиялардың аясында білім алатын болады.

2018-2019 жылдары іріктеуден өткен қазақстандық 20 студент Қытайда екі апталық оқуда болды. Онда олар Huawei компаниясының бас кеңсесі мен силикон алқабында болып, озық технологиялармен танысуға және онымен жұмыс істеуге мүмкіндік алды.

Алдияр Агишев, бағдарлама қатысушысы:

– Бұл бағдарлама маған негізінен білімімді жан-жақты жетілдіруіме мүмкіндік берді. Бетті тану, QR арқылы төлеу, осының жұмыс істеу приниципін үйретеді. Бұл студенттердің көзқарасын дамытуға, түсінуге мүмкіндік береді.

Былтырдан бері індеттің кесірінен студенттер қашықтан оқып жатыр. Ұйымдастырушылар «Бұл білім алуға ешқандай кедергі келтірмейді», – дейді. Қатысушылар білікті IT мамандардың дәрісін тыңдап, технологияның шексіз сырларына үңіледі.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев