Қарағандыда күл төгетін орын құрылысы уақытша тоқтатылды

Осыдан бірер күн бұрын арнамыздан тұрғындардың жанайқайы туралы сюжет көрсетілген болатын, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Қарағанды қаласындағы №3 жылу энергия орталығына жақын маңда күл төгетін нысанның құрылысы басталған еді.

Экология департаментінің мәліметінше, санитарлық талаптар бұзылмаған. Заң бойынша елді мекеннен кемі 300 метр жерде болу керек, ал бұл орын 600 метр жерде орналасқан. Алайда тұрғындар бұл уәжбен келіспейді. Тәуелсіз экологтар да жоба туралы жұртқа дер кезінде ақпарат берілмеген, - деп отыр.

Дмитрий Калмыков, «Қарағанды экомузей» ҚБ даму жөніндегі директоры:

– Біз жергілікті тұрғындарды ақпараттандыру жұмысы мүлдем жүргізілмеген деп есептейміз. Қоғамдық тыңдау да дұрыс өтпеген. Соған орай, жұрттың шағымын экология департаментіне жолдадық. Күл төгетін орынның салынуы қаншалықты заңды, мамандар тексеруі тиіс.

Тайхан Қалмаханов, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары

– Біз де өз тарапымыздан мемлекеттік бақылаушы органға хат жолдадық. Істің ақ-қарасы анықталғанша, құрылыс жұмыстары уақытша тоқтайды.