Балқашта балабақша қолданысқа берілді

Балқашта балабақша қолданысқа берілді

Тұңғыш Президент күніне және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қарағанды облысының Балқаш қаласында жаңа балабақша пайдалануға берілді.

Бұл шаһардағы ең үлкен бөбекжай.

Мамандардың айтуынша, іргетасы жарты ғасыр бұрын қаланған көне ғимарат, әуелі театр болыпты, кейін мұнда колледж орналасқан. Осыдан бірер жыл бұрын қаңырап бос қалады. Қысқа мерзімде үш рет өртеніпті. Архитектуралық келбеті ерекше ғимаратты сақтап қалу үшін жергілікті кәсіпкер Серік Қасымбеков меншігіне сатып алады. Кейін қаладағы сұранысты ескеріп, балабақша ашуға шешім қабылдайды. Бұл үшін 256 миллион теңге қаржы бөлінген. Нысанның аумағы 2500 шаршы метр. Мұнда бала тәрбиесіне қажеттінің бәрі бар. Мемлекеттік–жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істейтін бөбекжай 270 бүлдіршінге арналған. Жергілікті 61 адам жұмыспен қамтылды.

Айта кету керек, шаһарда әлі де 2000 бала кезекте тұр.

Құралай Адамбекова, балабақша директоры:

- 12 топ бар. Оның 6 тобы сәбилер тобы, яғни 2 мен 3 жас аралығында. Ал 6 топ 3-5 жас арасындағы балаларға арналған. Ағылшын әзірге кіргізгеміз жоқ. Бірақ келешекте біз ойлап тұрмыз, жоспарымызда бар біздің, мысалы, ментальді арифметика, сурет сабағы, сосын би.