Еуропадағы бірқатар елде эпидахуал ушығып барады

Еуропадағы бірқатар елде эпидахуал ушығып барады

Еуропаның бірқатар елінде эпидемиологиялық ахуал ушығып барады. Соңғы аптада кәрі құрлықта тіркелген науқас саны 11 процентке артқан. Чехияда тәулігіне 26 мың адам тіркелді. Жергілікті биліктің шешімі бойынша дүйсенбіден бастап бұл елде  егілмегендер үшін локдаун жарияланды. Ал эпидемиологтар республикада төтенше жағдай жариялау керек дейді.

Ярослав Валевский, дәрігер:

- Өткен аптада ауруханаға түскен әр тоғызыншы науқас ғана коронавирусқа қарсы егілген болып шықты. Қазір ем-дом алып жатқандардың біреуі де вакцина салдырмаған. Екпенің қаншалықты маңызды екенін түсінетін кез келді.

Словакия билігі де екі аптаға жалғасатын локдаун жариялады. Бұған аймақта вирустың өршуі себеп. Шектеу шаралары егілгендер үшін де, егілмегендерге де қатысты. Тұрғындар үйлерінен себепсіз шыға алмайды. Вакцина алмағандар жұмысын жалғастыру үшін міндетті түрде птр тест тапсыруы керек. Словакияда қазір алғаш рет бір күнде анықталған науқас саны 10 мыңнан асып кетті.

Эдуард Хегер, Словакия премьер-министрі:

- Біз төтенше жағдай режимін жарияладық. Бұл 90 күнге дейін жалғасуы мүмкін. Әзірше мерзім 2 апта деп белгіленді. Он күннен кейін эпиджағдай қайта қарастырылады.

Италияда Оңтүстік Тироль автономды провинциясының 20 қаласында локдаун жарияланды. Бұнда кешкі 6-дан кейін дәмхана, мейрамханалар есігін жабады. Таңғы 5-ке дейін комменданттық сағат күшіне енеді. Ковидке қарсы вакцина алмағандардың жүріс-тұрысы да шектеледі. Шектеу шаралары әзірше желтоқсанның 7-сіне дейін жалғаспақ.

Марио Драги, Италия премьер-министрі:

- Көрші мемлекеттерде ғана емес, өз елімізде де жағдай ушығып барады. Халықтың денсаулығына қатер төндірмеу үшін тиісті шараларды қолға алдық. Соңғы бір жыл ішінде тұрақталған экономикалық ахуалды сақтап қалуымыз керек.

Германиядағы жағдай да мәз емес. Роберт Кох Институтының мәліметіне сәйкес, тәулігіне 67 мың неміс азаматына ковид диагнозы қойылады. 335 мың науқас көз жұмды. Осы айдың соңында елде вакцина салдырмағандар үшін шектеу шаралары күшейтілмек.