Қарбалас қылған қалың қар

Таң сәріден бері қарбалас тудырған қалың қар елордалықтарды әбігерге салды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Қоғамдық көліктер қозғалыс кестесінен кешікті. Жаяу жүргіншілер омбылап, жүре алмай әлекке түсті. Таңғы сегіз бен кешкі алты аралығында 150 жол-көлік оқиғасы болып, адамдар зардап шекті.

Түні бойы қалың жауған қардан жол тарылып, оны бөлісе алмай жұдырықтасқан жүргізушілер әлеуметтік желі қолданушыларын бір селт еткізді. Ал мына кадрда екі автобус соқтығысып, ішінен шыққан жолаушылары бірінің соңынан бірі қаз-қатар жүріп бара жатқанын көруге болады.

Науат Азанбаева, көлік компаниясының қызметкері:

- Бүгінгі қолайсыз ауа райы салдарынан қоғамдық көлік қозғалысы баяулап қалды. Автобустар әзірше аялдамаға жақын тоқтай алмайды. Кері жағдайда қарға батады. Жолаушылардың салонға кіруі мен шығуы да күрделене түсті. Қазір күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатырмыз. Жолаушылардың қамы үшін Ақмол ауылына қатынайтын автобус бағытын уақытша тоқтаттық. Осыған дейін күн сайын қатынап келген 869 көліктің қазір тек 90-95 проценті қатынап жатыр.

20-ға жуық әуе рейсі кейінге шегерілді. Бірақ қазір жағдай тұрақтанып, барлық бағыт қайта жанданды. Такси және қоғамдық көліктер кідірген соң, жұрт та жұмысына кешігіп барды. Тіпті олардың қатарында вице-министрлер де бар.

Марат Сұлтанғазиев, ҚР қаржы министрінің орынбасары:

- Көлік кептелісі кесірінен жұмысыма 20 минутқа кешіктім. Біз де сіздер жүретін жолмен жүреміз. Негізі күнделікті жұмысым таңғы сағат сегізде басталады. Бірақ бүгін 8.20-да келдім. Бүгінгі қар жауу нормасын стандарттық жағдай емес деп ойлаймын. Сондықтан қар тазалаушы компания қызметкерлерін қатты сынағым келмейді. Түсіністікпен қараймын.

Қарбаласты оң жамбасына пайдаланып, қалтасын қампайтқысы келгендер де жоқ емес. Мәселен кейбір такси жүргізушілері қысқа бағыттың өзіне 1700-1800 теңге сұраған. Мобильдік қосымшадағы хабарламада баға қымбатшылығы сұраныстың жоғары болуына байланысты делінген.

Жол жиегімен айналып өтем деп, омбы қарға тап болған жол талғамайтын көліктер көп. Кептеліс салдарынан жолаушылар да, жеңіл көлік жүргізушілері діттеген жеріне уақытылы жете алмай қалды.

БЛИЦ:

- Тазалау жұмыстары жүргенде 1-2 жерде көліктер соқтығысты. Солардың кесірінен тоқтап тұрдық. Көлік тазалау техникалары алдыңа тұрып алады. Содан кептеліс болады. Жұмысыма 1 сағатқа кешігіп бардым.

- Үлгергенімізше үлгеріп жатырмыз. Халық бізге ренжімейтін шығар. Түсінетін шығар. Еңбегімізді бағалап. Сол халық үшін, өзіміз үшін ғой бәрі.

Қазіргі таңда 2 мың бірлік арнайы техника және 1900 коммуналдық қызметкер жұмылдырылды. Тапшылық жоқ дейді қала әкімдігінің мамандары.

Ләззат Стамғазиева, қала әкімдігі баспасөз қызметінің маманы:

- Айдың басынан осы күнге дейін полигондарға арнайы камаздармен 14 мың рейс жасалған болатын. Сол 14 мың рейс жасаған кезде 150 мың текше метр қар шығарылды. Ал жалпы кеше 24-нен 25-не қараған түні 6 мың текше метр қар шығарылды.

Бәрінен бұрын қар тазалаушылардың қызметі қиындай түскені рас. Өйткені бір тәулік ішінде қардың бір айлық нормасы жауған. Бірақ қар күреу жұмыстарының жеткілікті деңгейде тез жүрмеуі адами факторға келіп тірелетін сияқты.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Қар ақ болғанымен, оны күреу жұмысы қара. Өкініштісі сол, бұл салада егде жастағылар көп. Сондықтан оларға қатаң талап қою да орынсыз шығар бәлкім. Ендеше тепсе темір үзетін жігіттер неге осындай қызметке бармайды? Ол да түсінікті. Өйткені жалақысы аз. Оның үстіне қай ата-ана өз баласының көше тазалап жүргенін қалайды? Балам мұндай жұмыстан аулақ жүрсін, білімге ден қойсын деп екі қолға бір күрек алып, денсаулығын сарп етіп жатқаны да сондықтан болар.

Ертең және алдағы демалыс күндері елордада қар жаумайды дейді синоптиктер. Бірақ түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі мүмкін. Күн ала бұлтты болып, жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі ықтимал.

Мирлан Алтынбек, Ерзат Заитхан, Ержан Қанапияұлы