Алматыда жаңа жыл кештерін өткізуге тыйым салынбайды

Алматыда жаңа жыл кештерін өткізуге тыйым салынбайды

Алматыда жаңажылдық кештерге тыйым салынбайды, бірақ шектеулер болады. Бұл жөнінде қаланың бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді.

Яғни «Ashyq» қосымшасы орнатылған кез-келген мейрамхана немесе қоғамдық тамақтану орындарына «статусы жасыл» қонақтар ғана кіре алады. Ал неше адам кіре алатыны дәл сол кездегі эпидахуалға байланысты болады. Егер сол уақытта қала «жасыл аймақта» болса зал 50%-ке дейін ғана толуы керек әрі келушілердің саны 100 адамнан аспауы шарт. Ал «сары» немесе «қызыл аймаққа» өтіп жатса адам саны азайтылуы тиіс.

Сәдуақас Байғабылов, қалалық бас санитар дәрігердің орынбасары:

- Кез келген ұжым жаңажылдық мерекені тойлатқысы келсе, карантиндік талаптарды қатаң сақтауы керек. Бірінші кезекте қала тұрғындары вакцина алу керек. Және бетперде тағып, арақашықтықты сақтап жүруі тиіс. Сондай-ақ барлық мейрамханалардан, қоғамдық тамақтану орындарынан «Ашық» қосышасынан бөлек санитарлық тазалық талап етіледі. Егер қалада Covid жұқтыру көрсеткіші ушығып бара жатса, жаңажылдық және басқа да мерекелердің өтуіне тыйым салынады.