ҚМДБ «қара жұма» акциясының атауын өзгертуді ұсынды

ҚМДБ «қара жұма» акциясының атауын өзгертуді ұсынды

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «қара жұма» атауын «жомарт жұма» деп өзгерту жөніндегі ұсынысын Мәскеу мүфтиі қолдады.

«Қара» деген сөз жаман ойға жетелейді. Бұл түсті қорқынышты, қара күштермен байланыстырып жатады. Осы тұрғыда Қазақстан мүфтиятының ұсынысы орынды. Болашақта шынымен де осы атауды өзгертуге болады деді Ильдар Аляутдинов. Тек Мәскеудің бас мүфтиі емес, аталған ұсынысқа еліміздегі ірі сауда орындарының иелері, өзге де кәсіпкерлер қолдау білдіріп отыр.

Атап өтейік, сауда орындары «қара жұма» атауымен акциялар ұйымдастырып келеді. Бұған халықтың дені әлеуметтік желіде қарсылық танытты. Ал кеше Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы «қара жұма» атауын «жомарт жұма» деп өзгертуді ұсынған еді. Бас мүфти «дініміз бен дәстүрімізде бар «жұма» сөзі қасиетті, қастерлі ұғымды білдіреді» деді.