Маңғыстауда бір жылда мыңға жуық әйел күйеуінен теперіш көрген

Биыл Маңғыстауда мыңға жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген. Оның 151-і өте қатты жәбірленген, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Берекесі қашқан сол үйлерде бүгінде 50 шақты бала бар. Өңірде отағасының шатақ мінезіне төзіп, шаңырақты шайқалтпай, отбасының ұйтқысы болып отырған аналарға рухани демеу беретін үш орталық жұмыс істеп тұр. Осы дағдарыс орталықтарынан 20 шақты келіншек пана тауып отыр.

Ұзақ жыл күйеуінен зәбір көрген Аида екі айдан бері дағдарыс орталығын паналап отыр. 4 жасар баласының тағдырын ойлаған ол, жолдасымен бірнеше рет қайта қосылыпты. Алайда, ол қол көтеріп, қорлық көрсетіп, соңында үйден қуып шыққан. Бұрынғы күйеуіне кәсіп ашу үшін алған 3 млн теңге несиені де өзітөлеп отыр. 

Аида, дағдарыс орталығының тұрғыны:

–Тәуекелге бел будым, басқа барар жерім жоқ. Осы жерге келіп ем, бірден қабылдады. Қажеттіліктерімді өтеп жатыр. Тегін тұрып жатырмыз. Тегін тамақ беріп жатыр. Барлық жағдай жасап жатыр. Бұл орталықтан кеткесін үй жалдайтын шығармын, бірақ қалай жалдайтынымды білмеймін.

Қазір дағдарыс орталығында екі әйел мен үш бала тұрып жатыр. Барлығының тағдыры бір. Тұрмыс тауқыметін көріп, осында бас қосқандар. 2013 жылы ашылғалы мұнда мың жарым әйел көмекке жүгініпті. 400-і тұрақты тұрған. Орталықта әйелдерге психологиялық, құқықтық және медициналық қызмет көрсетіледі. Қауіпсіздік үшін бейнебақылау қойылған.

Райхан Бекманова, орталық басшысы:

– 2019 жылы 128, 2020 жылы 175, биыл 189 адам көмекке жүгінді. Тек Ақтаудан емес, Шымкент, Ақтөбе, Орал, Атыраудан келгендер болды. Тіпті Тәжікстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей азаматтары да бар. Әрқайсының айтары бір. Әйелдер күйеулерінен зәбір көрсе, балалар ата-аналарымен жанжалдасып қалған. Мұнда өз үйіндей болуға жағдай жасауға тырысамыз. Мамандыққа оқытамыз.

Орталық басшысының айтуынша, алдағы уақытта жәбір көргендерге ғана емес, әйелге қол көтеретіндерге де көмек көрсету қолға алынбақ. Психологиялық кеңес беріп, салдарын түсіндіреді. Осы аптада өңірде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы басталды. Шара аясында студенттер мен оқушыларға кездесулер ұйымдастырылмақ.

Эльвира Қасанова, ЖПҚ басқармасының қызметкері:

– Былтыр әйелдерге қарсы зорлық қылмысы бойынша 15 факті тіркелсе, 900-ден аса әкімшілік құқықбұзушылық болды. Қазір білім басқармасымен, денсаулық басқармасымен ашық есік акциясы өтуде. Осы зорлық-зомбылықтың алдын-алу мақсатында. Әсіресе жиналыс, семинар тренгинг өткізілуде. Бала қазір нені көреді, өскесін соны істейді. Әке-шеше көңіл бөлмейді, интернетте не қарап жтқанын білмейді. Сондықтан әкемен, анамен жиналыс өткіземіз.

Қазір әр аудан мен қалада арнайы инспектор қызмет атқарады. Ол есепте тұрған отбасыларға барып, жағдайды бақылауда ұстайды. Жыл басынан бері отбасына зәбір көрсеткен 3 мыңға жуық ер-азаматқа түсінік жүргізіліпті.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев