Петропавлда көп балалы отбасылар тұратын жер үйлердің пештері әбден ескірген

Петропавлда 250-ге жуық көп балалы отбасы жеке секторда тұрады. Көбінің үйіндегі пеш әбден ескірген. Кейбірінде қауіпсіздік талаптары мүлде сақталмаған. Олқылықтың орынын толтырып, апаттың алдын алу үшін төтенше жағдайлар қызметінің мамандары арнайы рейд ұйымдастырды. Олар пештерді тегін жөндеп бермек. Ал ол үшін жергілікті қазынадан тиісті қаржы бөлінді.

Любовь Кардаполова жалғыз өзі төрт бала тәрбиелеп отырған ана. Жолдасы былтыр қайтыс болған. Сондықтан қазір үй жалдап тұруға мәжбүр. Ал баспанасындағы пеш қауіпсіздік талаптарына сай емес.

Любовь Кардаполова, қала тұрғыны:

- От жаққан кезде тесіктерден түтін шыға бастады. Өзім жөндегендей болдым. Бірақ қалпына келтіре алмадым. Қақпақтары да дұрыс жабылмайды.

- Вчера вот вечером плита лопнула. Хотя я в том году ее купила.

Инга Шульгинаның да үйіндегі пешін күрделі жөндеуден өткізу керек. Бірақ оған қаржы тапшы. Өйткені тапқан-таянғаны бес баладан артылмайды.

Инга Шульгина, қала тұрғыны:

- Түнде от жағуға қорқамын. Себебі осыдан екі жыл бұрын пештен шоқ түсіп кетіп, үйіміз өртеніп кете жаздады. Абырой болғанда, оянып кетіп, қызыл жалынды ауыздықтап үлгірдім. 

Олқылықтың орынын толтыру үшін төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мен волонтерлер бірігіп, қазір үй-үйді аралап жүр. Әзірге олар 20 отбасына шұғыл көмек қажет екенін анықтады. 

Жанат Жұмажанов, Петропавл қалалық ТЖБ Бас маманы:

- Қала аумағында 180-нен астам өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 19 адам мерт болып, 20-сы түрлі жарақат алды. Үш адам түтінге тұншығып қалды. Көбіне апат пештердің қауіпсіздік талаптарына сай болмауынан болып жатады. Сондықтан мамандарды арнайы оқыттық. Ал олар тегін жөндеп береді.

Қазіргі таңда шахарда 247 көп балалы отбасы жеке сектордағы үйлерде тұрып жатыр. Жауаптылар олардың барлығында тексеріс жүргізбек. Бұдан соң мамандар зейнеткерлерге де көмек көрсетуді жоспарлап отыр.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев