Атырау облысының Азғыр өңіріне жаңа электр желісі тартылады

Атырау облысының Азғыр өңіріне жаңа электр желісі тартылады

Атырау облысына қарасты Азғыр өңіріне жаңа электр желісі тартылады. 3 ауылдық округке біріктірілген 9 елді мекен қамтылады. Шекараны бойлай қоныстанған ауылдар бүгінде жарықты Ресейден алады. Атырау қаласынан 600, аудан орталығынан 300 шақырым шалғай жатқан өңірге өз еліміздің электр желісі тартылмаған еді. Енді осы олқылықтың орыны толады.

Ресейдің Волгоград ГЭС-інен берілетін электр қуаты алдымен «Сүйіндік» электр тарату бекетіне келеді. Осы арадан кернеулігі 110 киловольт қуат 8 ауылға бөлінеді. Азғыр өңірі жылына 72 млн киловатт сағат электр қуатын сырттан алады. Импорттық өнімнің бағасы да қымбат. Егер мұнайлы өңірде 1 киловатт сағат қуаттың құны 5 теңге шамасында болса, ресейлік электр энергиясының бағасы 30 теңге шамасында. Арасындағы шығынды отандық жарық беруші компания мойнына алған. Дегенмен, бұл шекаралық тұрғындар үшін қолайсыздық туғызатыны сөзсіз. Себебі қыс айларында жарық сөнсе, ауылда жағдай қиындайды

Серік Сариев, Асан ауылының тұрғыны:

- Электр жарығы ана Волгоградтан келіп тұр. Ол сөнсе із жарықсыз қаламыз. Сосын мына газге қиын ғой, газ қатып қалса, жүрмейді. Сондықтан бізге жарықты ауданнан тарса, жақсы болар еді.

Шекараны жағалай  қонған елді мекендердің ең ірісі Асан ауылы. 1,5 мыңға тарта тұрғыны бар ауылдың әлеуметтік мәселелері біртіндеп шешіліп келеді. Былтыр оқругке қарасты барлық ауылға табиғи газ жеткізілді. Бағасы 9 млрд теңге тұратын көгілдір отын жобасының иігілігін енді басқа елдімекендер де көруде. Биыл фельдшерлік бөлімше салынып, желтоқсан айында пайдалануға берілмек. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша «Қоянды» су топтық су торабынан жаңа ауыз су жүйесі тартылып, келер жылдың мамыр айында іске қослымақ. Ендігі түйткіл осы электр энергиясы болып отыр.

Болатбек Сисатов, Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары:

- Атырау обылсы ТҮКШ басқармасының тапсырысы бойынша аудан орталығы Ганюшкино подстанциясынан 180 км Асан ауылдық оқругіне ток көзін тарту үшін бүгінгі күні жобалық сметалық құжаттама жасақталды. Енді аталған мәселе толығымен шешіледі.

Шекаралық ауылдар мал шаруашылығымен айналысады. Оған жер жетеді, жағдай да бар. Күні бүгін Құрманғазы ауданында 635 шаруа қожалығы болса, оның басым бөлігі Азғыр өңірінің еншісінде. Егер аталған ауылдарға тұрақты электр желісі тартылса, салада ондаған өңдеу өнеркәісібі ашылып, қиыр жайлап, шет қонған азғырлықтардың тұрмысы түзелері анық. 

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов