Оңтүстік Кореяда дрондар көрмесі ашылды
Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында дрондарға арналған ірі көрме ашылды, деп хабарлайды 24KZ.
Іс-шарада әлемнің 20 елінен келген компаниялар өздерінің озық технологияларын ұсынып жатыр. Сонымен қатар дронмен футбол ойнаудан чемпионат өтіп, жаңа рекорд орнатылды.
Владислав Цой, тілші:
- Оңтүстік Кореяда дрон индустриясы қарқынды дамып келеді. Елде кейінгі 5 жыл ішінде дронмен айналысатын компаниялардың саны 3 есе өсіп, олардың қарасы қазір 6 мыңнан асқан. Келер жылы елде ұшқышсыз такси қызметін іске қосу жоспарланып отыр.
Көрмеде әлемде алғаш рет ұшақ корпусын тексеретін дрондар көрсетілді. Адамға бұл жұмысты істеу үшін 10 сағат қажет болса, дрон оны 4 сағат ішінде жасайды. Көрмеге әскери дрондар да қойылған. Солардың бірі 5 есе үлкейтетін камералармен жабдықталған. Бұл оған 250 метр қашықтықтағы нысанды дәл атып түсіруге мүмкіндік береді
Ұшқышсыз аппаратты қолданудағы тағы бір тиімді бағыт – тапсырыс жеткізу. Мемлекетте биылдан бастап аралдар мен таулы аймақтардағы тұрғындарға салмағы 5 келіге дейінгі жүкті жеткізу үшін дрондарды пайдалануға рұқсат берілген.
Пак Чон Квон, Корея Республикасы Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің департамент директорының орынбасары:
- Бізде дрон индустриясын дамыту жоспары 2016 жылы қабылданды. 8 жылдың ішінде бұл саланың көлемі 1 триллион вонға жетті. Қазір дрон өндірісі бойынша алғашқы 10 елдің қатарындамыз. 2032 жылға қарай үздік бестікке кіруді жоспарлап отырмыз. Бірақ біз үшін рейтинг емес, қоғамымызда ұшқышсыз аппараттар қалай дамып, олармен байланысты мәселелер қалай шешіліп жатқаны маңызды.
Кореяның дрон құрастыру тәжірибесін зерттеу үшін ауқымды іс-шараға қазақстандық делегация да келді. Жақында еліміз осы саладағы жергілікті жетекші компанияның бірімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын.
Азамат Бейісбеков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
- Сол келісім шенберінде елімізде бірнеше бағытта жұмыс жүргізіледі. Біріншісі – ол біздің заңнаманы жетілдіру, дрондарды қолданудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Екінші бағыт – ол дрон пилоттарын дайындау. Үшінші бағыт – осы дрон өндірісін дамыту. Дрон индустриясы бізде белсеңді дамып жатыр. Елімізде 8 шақты компания бар.
Көрменің ашылу салтанатынан кейін Гиннестің рекордтар кітабына енген дрон шоуы басталды. Бір мезетте аспанға 5293 дрон көтерілді.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.