Елордада үш бірдей тұрғын алабына көгілдір отын берілді

Елордада үш бірдей тұрғын алабына көгілдір отын берілді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Екі жарым мыңнан астам үйге газ құбыры тартылды. Қақаған қыста көмір жағып күнелткен тұрғындар енді қауіпсіз әрі қоршаған ортаға зияны жоқ отынға қол жеткіздік деп қуанып отыр. «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы бұл жұмысты әрі қарай жалғастырады. Алдағы екі жылда қала толықтай газбен қамтылады.

Әділбек Тулекиннің қуанышында шек жоқ. Жылдар бойы көмір жағып, күнелтіп келген. Енді міне, көгілдір отынға қол жеткізіп отыр.  

Әділбек Тулекин, қала тұрғыны:

– Қысты күні 22 тонна көмір алатынмын. Шамамен 400 мың теңге шығын кететін еді. Ал қазір газға қосылдық. Бұл - өте ыңғайлы. Қалтаны да қақпайды, пеш жағып әуре болмайсың. 

Халық қаһарманы, даңқты ғарышкер Тоқтау Әубәкіров те бүгін игі істің игілігін көрді. Балаларымен бірге тұрады. Үйлері жапсарлас. Оның барлығын қысты күні жылыту үшін 60 тоннаға дейін көмір жағып келген екен. Газ қосқалы бұл машақаттан арылды. Даңқты ғарышкер газ мамандарына дән риза.   

Тоқтар Әубәкіров, Халық қаһарманы, ғарышкер:

– Мен өз жұмысына адал жандарды жақсы көремін. Газ мамандарының жұмысына да басында сынай қарадым. Жұмыс істегендері көңілімнен шықты, бұдан кейін де елге қуаныш пен жылу сыйлай берсін, өйткені газ келуімен өміріміз де жақсы жағына өзгере береді. Қуаныштымын.  

Газ құбырларын тарту жұмыстары былтыр басталған еді. Содан бері мың жарым үйге көгілдір отын берілген. Жыл соңына дейін тағы мың отбасы газға қосылады. Мамандар қаланың шеткері аймақтарын да қамтып үлгерген.  

Уәлихан Қымбатов, "Қазтрансгаз Аймақ" АҚ өндірістік-техникалық департаментінің директоры:

– Нұр-Сұлтан қаласының Интернациональный, Мичурин, Күйгенжар үш елді мекеніне газ құбырлары салынды. Жоба бойынша 101 шақырым газ тарату жүйелері салынды. 5 бас реттегіш, 5 шкафты реттегіш пунктер салынды.  

Қазір Сарыарқа және Алматы аудандары газға қосылған. Қалғаны  алдағы 2 жылда толықтай көгілдір отынмен қамтылады. Мамандар жұмыс жоспар бойынша жүріп жатыр дейді.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ержан Қанапияұлы