ШҚО: тұрғындар Тұңғыш Президент күні әлеуметтік игіліктерге ие болды  

Жергілікті бағдарлама бойынша бірнеше отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді. Сонымен бірге облыстың бірнеше ауданында жаңа нысандар ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде көпбалалы отбасыларға үй беріліп, ерекше балаларға арналған медициналық орталық бой көтерді.

ШҚО-да Тұңғыш Президент күніне орай тұрғындарға жаңа үйлердің кілттері табысталып, әлеуметтік нысандар ашылды. Бірнеше аудан тұрғындары қоныс тойын тойлады. Олардың көпшілігі үшін жеке меншік тұрғын үй сатып алу бірінші кезектегі мақсат еді. Үй мәселесін шешуде халыққа тұрғын үй мемлекеттік бағдарламалары тиімді болды.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

– Глубокое кентінде көпбалалы отбасылар «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы аясында салынған жаңа үйлердің кілттеріне ие болды. Осы бағдарламамен Тарбағатай, Ұлан, Аягөзде баспана тұрғызылған еді. Игі істен аталған аудан тұрғындары да тыс қалған жоқ. Бүгін су жаңа үйлеріне қоныстанды.

Семейде ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай балаларға арналған «тең қоғам» орталығы ашылды. Бұл орталықта ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар заманауи құрал-жабдықтарды пайдалана алады. Сондай-ақ түрлі дәрігер мамандардың көмегіне жүгінуге мүмкіндік бар. Ал көрсетілетін қызмет тегін. Сондай-ақ өңірде жастар орталығы ашылды, спортпен шұғылданатындарға футбол алаңы қолдануға берілді.