Жұмысшы жастар «WorldSkills Kazakhstan» чемпионатына қатысып жатыр

Жұмысшы жастар «WorldSkills Kazakhstan» чемпионатына қатысып жатыр

Жұмысшы мамандықтарын меңгеріп жатқан ел жастары «WorldSkills Kazakhstan» республикалық шеберлік чемпионатына қатысып жатыр.

Әдетте елордада ұйымдастырылатын бұл шара қазір 9 қалада өтеді. Биылғы сайыста 450-ден астам студент ондаған кәсіп түрі бойынша бақ сынайды. Ақтөбеде «темір жол көлігіндегі тасымалдау процесін басқару» және «музыкалық білім беру» бағытындағы байқау үш күнге созылмақ. Оған елдің алты өңірінен 50-ге жуық колледж шәкірттері келді. Олар облыс орталығындағы екі оқу орнында өз білімдерін тәжірибе жүзінде көрсетеді. Ал үздіктерді анықтайтын қазылар алқасының құрамында түрлі кәсіпорын мен мекеме өкілдері бар.

Назкен Набиева, студент:

– Осындай тәжірибелер арқылы студенттер жетіліп, болашақ маман ретінде жақсы нәтиже көрсете алады. 

Айнұр Биманова, облыстық білім басқармасының бас маманы:

– Әр қатысушы өзінің алып жатқан мамандығын, біліктілігін көтеру бойынша өздерінің бақтарын сынайтын болады. Біздегі эксперттердің барлығы жұмысберушілер тарапынан алынған. Үздіктерді солар таңдайды. Қорытындысы 10 желтоқсан күні республикалық чемпионаттың жабылу салтанатында ғана белгілі болады.