Түркістанда мемлекет қаржысын жымқырғандар сотталды

Түркістанда мемлекет қаржысын жымқырғандар сотталды

Түркістан облысында мемлекет қаржысына қол салған шенеуніктер сотталды. Олар спортқа деп бөлінген ақшаны талан-таражға салған.

Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотта Полат Қырықбаев, Мұрат Пернебаев, Бахыт Оспанова және Ғани Әшірбеков жауап берді. Оларға қызмет бабын пайдаланып, аса ірі мөлшерде қаражат жымқыру үшін қылмыстық топ құрды және оған басшылық жасады деген айып тағылды.

Тергеу барысында анықталғандай, олар 2019 жылы дене шынықтыру және спорт басқармасына жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін бөлінген қомақты қаржыны жымқырған. Салдарынан спорттық іс-шаралар қысқарып, мүлдем өтпеген. Мемлекетке келтірілген шығын мөлшері 70 млн теңгеден асады.

Сот Спорт және туризм басқармасының бұрынғы басшысы Полат Қырықбаевты 2 жылға, ал оның орынбасары Оспанованы 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Мұрат Пернебаев пен Ғани Әшірбековті 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.