А.Көлгінов драма театрды жөндеуге кіріскен мердігерлерге ескерту жасады

А.Көлгінов драма театрды жөндеуге кіріскен мердігерлерге ескерту жасады
astana.gov.kz

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау келесі жылдың соңына жоспарланғанын мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының сахнасында мыңдаған қойылымдар қойылды, онда театр актерлерінің бірнеше ұрпағы шыңдалып шықты. Бұл театр — еліміздегі ең көне мәдени мекемелердің бірі. 1899 жылы құрылған.

«Бұл шынымен де өзіндік тарихы бар ерекше орын. Бірақ, әрине, театр ескіріп, күрделі жөндеуді қажет етті.

Жөндеу жұмыстары 2018 жылы басталғанына қарамастан әлі де аяқталған жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа жол берілді, оның ішінде мердігер тарапынан заңбұзушылықтар болды. Олардың салғырттығынан театр қызметкерлерінің өздері, көрермендер зардап шекті. Қазіргі уақытта сот рәсімдері толығымен аяқталды. Жаңа мердігер анықталды, оған өзгелердің қателігін қайталамау тапсырылды.

Осылайша, тарихи ғимаратты күрделі жөндеу келесі жылдың соңына қарай аяқталады деп жоспарланып отыр. Залдарды жаңартудан, ғимаратты жөндеуден басқа инженерлік желілер жаңартылып, ретке келтіріледі: су құбыры, кәріз, сондай-ақ желдету жүйесі, жылыту және т.б.

Қазіргі уақытта театр ұжымы өзге театрлардың алаңдарында және драма театрдың кіші залында өнер көрсетеді. Бұл, әрине, театр ұжымына белгілі бір қолайсыздықтар әкеледі. Күрделі жөндеу аяқталғаннан кейін тарихи ғимарат жаңарып, ал көрермендер - қойылымдардан ұмытылмас әсер алады!

Сондай-ақ, мемлекеттік би театры «Наз» және «Қуыршақ театры» ұжымдарына қолайлы орын бөлуді тапсырдым, өйткені қазір олар бұл үшін қолайсыз ғимараттарда дайындалып жүр», - деп жазды әкім.