Алматы облысында қараусыз қалған үйлер қалпына келтіріліп жатыр

Қапшағайда ұзақ жылдар бойы қаңырап бос тұрған көпқабатты үйлер қайта жаңартылуда, деп хабарлайды Хабар 24.

Шаһар билігі қаладағы төрт ғимараттың үшеуіне инфроқұрылым жүйесін тартты. Жеке инвестор есебінен күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Қала көркін қашырып тұрған өзге де нысандарды жаңарту жоспарда бар.

Қаланың қақ ортасындағы мына ғимарат бұрын наубайхана жұмысшыларының жатақханасы болған. Оңтайландыру кезінде өндіріс орны жекеменшікке өтіп, тоқырау жылдары тұралап қалды. Содан бері аталған нысан да қараусыз қалыпты.

Виктория Русских, қала тұрғыны:

– Бұл жерге үнемі маскүнемдер жиналатын. Кейде оқушылар да кіріп үстіңгі қабаттарға шығып алатын. Сол кезде мұғалім ретінде алаңдайтынбыз. Енді тұрғындарға арналған пәтер болады. Бұл дегеніңіз жақсы ғой. Енді бас ауыртар мәселе болмайды. 

20 жылдан бері қаңырап бос тұрған ғимарат енді көрікті баспанаға айналады. Оған 60 отбасы қоныстанбақ.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, пәтерлер құрылыс аяқталмай жатып-ақ сатылып кеткен. Қазір қалада осындай үш үй күрделі жөндеуден өтіп жатыр. 

Марлан Жолдахмет, Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары:

– Биылғы жылы үш үй салынып бітеді. Салынып біткен жағдайда 188 пәтер берілетін болады. Сонымен қатар келесі жылы үш алпыс пәтерлі үй салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта проектілік жобалық құжаттары дайын, экспертизасы өткізілген. Құрылыс монтаждау жұмыстарына өтінім берілген болатын.

Жергілікті билік келесі жылы тағы бір көпқабатты үйді жөндетіп, пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Сол кезде қаладағы қараусыз қалған нысандар мәселесі толықтай шешімін тауып, өзектілігін жояды.  

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев