Елімізде екі облыс балық шаруашылығын дамытуды қолға алды  

Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында балық шаруашылығын дамыту бойынша бірнеше жоба іске асырылуда, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл туралы Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашев хабарлады.

Оның айтуынша, биыл Ақмола облысында балық аулауды дамытудың 2030 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасы әзірленді. Ол балық өнеркәсібіндегі негізгі қызмет түрлерін дамытуға бағытталған. Өңірде тауарлы балық өндірісін 10 мың тоннаға дейін ұлғайтып, 302-ден астам жаңа шаруашылық пен 500 жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Нығмет Қауашев, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:

– Мемлекет тарапынан балық өсіруге көп қолдау жасалып жатыр. Оның бірі – балық қоректендіруге қарастырылған субсидия. Сосын шабақ сатып алуға, содан кейін биологиялық негіздеме жасауға, аналық балықтарды сатып алуға субсидиялар бөлініп, балық өсіру қолға алынып жатыр.