Түркістандық дәрігерлер АҚШ-та білім алып жатыр

Түркістан облысының медицина мамандары АҚШ мемлекетінің Харвест қаласында біліктіліктерін арттырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дәрігерлер BLS, ACLS, PALS бағдарламалары бойынша жедел медицина нұсқаушыларын даярлау тақырыбында білім алып, ересектер мен балаларға алғашқы көмек көрсету бойынша шеберліктерін шыңдауда. Америка Құрама Штаттарына Түркістан, Кентау қалаларынан және Ордабасы, Жетісай аудандарының 11 медициналық қызметкерінен жасақталған арнайы топ аттанды. Оқуда жиналған тәжірибе облыс медицинасының сапасын арттыруға мүмкіншілік береді.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістандық 30 дәрігер Ыстамбұл қаласында біліктілігін арттырып, тәжірибесін шыңдап келген болатын. Бұл тәжірибе алмасу өңірдегі медицина қызметі сапасын арттыруға үлкен мүмкіншілік береді деп күтіліп отыр. Жалпы биыл Түркістан облысының ауруханалары мен емханаларында еңбек ететін 3000-ға жуық медицина қызметкері біліктілігін арттырған.